Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Travelsystem туроператорының банкрот болуы салдарынан Түркияда қалған отандастарымыз елге қайтарылып жатыр

AstanaTV
04.06.2015ж. 20:00
1049
Travelsystem туроператорының банкрот болуы салдарынан Түркияда қалған отандастарымыз елге қайтарылып жатыр

Travelsystem туристік операторынан зардап шеккендер Анталиядан елімізге қайтып жатыр. Ол үшін әрбір турист 100 АҚШ долларын төлеуде. Air Astana компаниясы отандастарымызға осындай арнайы тариф ұсынды. Бұл жөнінде Қазақстан туристері қауымдастығына сілтеме жасап Закон кз хабар таратты.

Бүгін Түркия уақытымен сағат 16.45-те Анталиядан Алматыға қарай алғашқы ұшақ ұшып шықты. Айта өтейік, біздің арнамызға Түркияның Белек қаласынан отандасымыз хабарласты. Ол, өзі тоқтаған отельдің әкімшілігі «бөлмені босатыңыздар» деген талап қойғанын айтып, шағымданды.

Ақерке Шалданбаева:

Қазір Белек қаласындамыз. Кристалл Тап бич Гольф резорф энд Спа отеліне тоқтадық. Келгенімізге екі-ақ күн. Кеше бізге сағат 12-ден кейін қонақ үйден шығарамыз деп айтты. Ақшасын төлеңіздер, не болмаса босатыңыздар деді. Біз Вояж турфирмасы арқылы билет алдық. Барлығы 15 адамбыз. Арамызда 6 бала бар.

Туримз индустриясы департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиев Қазақстанның Анталиядағы елшілігі отельдермен келісімге келгенін айтуда. Консулдық өкілдері қазақстандық туристерді қонақ үйлерден сағат 3-ке дейін шығармауын сұрады. Осылайша уақыт созған қазақстандық тарап Travelsystem-мен тікелей жұмыс істеген 200-дей тур агенттіктерге мәселені реттеуге мүмкіндік берді. Жалпы, Travelsystem компаниясының банкрот болуынан 3 мыңдай қазақстандық сан соғып қалды. Компания Тек Түркия ғана емес, Біріккен Араб Әмірліктері, Грекия, Чехия, Франция, Италия сынды Еуропа елдеріне аттанамын деушілерге жолдама сатқан.

Тимур Дүйсенғалиев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры:

Шын мәнінде, Travelsystem компаниясы барлық бағытта жалпы саны 3 мыңдай турпакет сатыпты, оның ішінде авиабилеттер, тұру ақысы мен трансферлер бар. Біздегі мәлімет бойынша, Қазақстаннан әлі ұшып кетпегендер саны 2 мыңдай адамды құрайды.

Кеше хабарланғанымыздай, ірі туроператор Travelsystem банкротқа ұшырағанын жариялады. Салдарынан 1 мыңдай қазақстандық зардап шеккен. Олар Түркия отельдерінен қуылып жатыр. Белгілі болғандай, Travelsystem-ның Air Astanа және Скат әуе компанияларының алдында қордаланған берешегі миллиондап саналады. Турфирма басшысы болса, Еуропада бой тасалап жүр. Әзірге бұл мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ол үшін зардап шегушілер шағым түсіруі керек.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА



+ С