Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Рәміздер күні аймақтарда лайықты атап өтілді

AstanaTV
04.06.2015ж. 20:00
2465
Рәміздер күні аймақтарда лайықты атап өтілді

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Айтулы мереке «Нұр Отан» партиясы мұрындық болуымен еліміздің түкпір-түкпірінде айрықша аталып өтті. Атырау облысында бір мезетте бірнеше орында елдің әнұраны шырқалды. Осылайша тұрғындар «Рәміздерге құрмет - ел тәуелсіздігіне деген құрмет» екенін танытты. Ал Шымкентте алып көк байрағымыз биікте желбіреді. Айтулы күннің ерекшеліктері жайлы келесі бейнематериалда. 

Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында сегіз мыңдай адам азаттығымызды айғақтайтын мемлекеттік символдарға құрмет көрсетті. Патриоттық шара барысында, көк туды аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов пен бокстан спорт шебері Айбек Нысанбаев биікке көтерді.

Асқар Бопылдықов, «Нұр Отан» партиясы АОФ жанындағы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:

Жастардың бойында патриоттық рухты, елдікке деген, егемендікке деген сезімді артыру бағытында шаралар өткізіліп жатыр. Бұл күннің қасиеті мен қадірін ең бірінші қазақстандық жастар ұғыну керек.

Ал Шымкенттегі «Ордабасы» алаңына жиналған көпшілік патриоттық рухты көтеретін шараны флешмобпен бастады. 200-дей жас буын өкілдері би биледі.

Мұнан соң сап түзеген сарбаздар ұзындығы 8, ені 16 метр болатын туды баспалдақпен жоғары көтерді. Рәміздер алаңындағы биіктігі елу метрлік тұғырда ең үлкен ту желбіреп, мерекелік шара Тәуелсіздік саябағындағы Рәміздер алаңында жалғасты. Тәуелсіз елдің басты нышандарын ұлықтауға арналған жиынды тамашалауға келгендердің қарасы мол.

Нәзипа Әмір, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бүгін Қазақстан Республикасының рәміздер күні. Біз, жастар, бұл күннің маңызын түсіне білуіміз қажет. Қазақстан Республикасының өз Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар. Мен осы Қазастанда өмір сүріп жатқаныма өте қуаныштымын.

Рәміздер күнінде Қызылжардың белсенді жастары фейс-арт ұйымдастырған. Олар қала тұрғындарына беттеріне сурет салдыртуды ұсынды. Бірі - елтаңбаны, енді бірі туды бейнелетсе, кейбірі әнұранның сөздерін жазып беруді өтінген.

Абылайхан Тайроллаев , «Нұр Отан» партиясы СҚОФ жанындағы «Жас Отан» ЖҚ бөлім жетекшісі:

Бұл акцияның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының рәміздер күнін қолдау және де жастар арасында бұл мерекені жаңғырту. Жастарға мереке сыйлау. Бүгінгі біздің акциямыздың ең басты мақсаты - қала тұрғындарына, жастарға жаңа мереке, жаңа эмоция сыйлау.

Өскемендегі «Біздің ту» эстафетасына екі жүздей адам қатысты. Байкерлер мен автокөлік жүргізушілері шаһардың орталық көшелерімен көк байрағымызды алып өтті. Алаңнан эстафетаны бастап шыққан жас спортшылар үстіне аспан түстес туымыз бейнеленген киім киген.

Әділет Суниет,  велошабандоз:

Біз осы жарыстарда жеңген кезде , біздің Қазақстанымыздың туы көтерілген кезде, өте қуанышты болып кетеміз.

Айта кетейік, Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда бекітілді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық  Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданған. Содан бері бұл күн мемлекеттік мереке саналады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, Абзал ҚҰРМАНКИН  


Алдыңғы жаңалық

Келесі жаңалық