Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астанада «Ұлттық біліктілік шеңбері: әдіснама сәулетінен қолдану дағдысына дейін» атты семинар басталды

AstanaTV
08.06.2015ж. 13:00
1395
Астанада «Ұлттық біліктілік шеңбері: әдіснама сәулетінен қолдану дағдысына дейін» атты семинар басталды

Бүгін Еуразия ұлттық университетінде «Ұлттық біліктілік шеңбері: әдіснама сәулетінен қолдану дағдысына дейін» атты екі күндік семинар жұмысын бастады. Іс-шара - білім беру саласын реформалаудың ұтымды жолдарын іздестіру мен білім берудің әлемдік озық үлгілерін игеруге бағытталады. Қазір семинар өтіп жатқан жерден әріптесім Азамат Алдоңғаров тікелей байланысқа шығуға дайын. Азамат жиынның жаңалығы неде?

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Ұлттық біліктілік шеңбері орта білімнен басталатыны белгілі. Одан әрі бұл жүйе жоғарғы білімнен бастап, білім алудың 8 сатысын қарастырады. Семинар аясында университеттік білім беруді реформалауға бағытталған Темпус-4 трансеуропалық бағдарлама аясындағы Еуроодақтың 2007-2013 жылдар аралығында Қазақстанда іске асырылған жобалары ұсынылды.

Серік Өмірбаев, Болон процесі және академиялық жұмылдыру орталығы директорының кеңесшісі:

Енді жоғарғы білім беру жүйесі еңбек нарығымен тығыз байланыста болады. Яғни жұмыс беруші мен еңбек нарығы болашақ түлектің кәсіби құзыретін анықтайды. Ал болашақ мамандарға деген білім беру бағдарламасы сол талаптар аясында жүргізіледі. Осындай жолмен дайындалған мамандар жоғары сұранысқа ие болмақ. Жұмысқа да бірден қабылданады. Бүгінгі семинарда 40-тан астам жоба ұсынылды. Барлығы ЖОО-дағы проблемаларды қамтиды.

Дәл қазір семинар сарапшылары қазақстандық білім беру саласының өзекті проблемаларын кеңейтілген отырыста талқылап жатыр. Семинардың алғашқы күнінде отындық 70 ЖОО-нан 260 қатысушы тіркелді. Іс-шара ертең де жалғасын табады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ