Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызылордада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша берілген баспана тұрғындары үш айдан бері сусыз отыр

AstanaTV
09.06.2015ж. 20:00
1246
Қызылордада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша берілген баспана тұрғындары үш айдан бері сусыз отыр

Қызылордадағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер жаздың аптап ыстығында сусыз қалды. Құбырдың құрғағанына 3 айға жуықтапты. Ал әріптесім Шарипа Сақтапова біліп қайтқандай, су тапшылығы пәтер иелерінің басына қонған жалғыз қиыншылық емес екен. Айта кету керек, «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған бұл үйлер өткен жылы ғана пайдалануға берілген.

Бесінші қабатта тұратын Сейітжан Рүстемов таң атысымен сыртқа суға жөнеледі. Үш айдан бері әр күнін су тасып бастайды. Бұл жалғыз оның басындағы машақат емес, осы үйдегі үш жүзге жуық отбасының көрген күні осы. Ал аймақта аптап ыстық.

Сейітжан Рүстемов:

Жүргеніміз осы сығандар сияқты баклашка арқалап, былай жүгіреміз, ол қалса, газды арқалап, тағы жүгіреміз. Бұл проблема аздай, төбемізден су кетеп жатыр енді.

Бұл үйлер «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасымен былтыр ғана жұрт игілігіне берілген. Дегенмен, әлі күнге дейін жаңа үйге қоныстанғандар көп нәрсеге қол жеткізе алмай отыр. Су бірде бар, бірде жоқ болса, көгілдір отынға мүлдем қосылмаған. Ал, қыста баспана суық, - дейді тұрғындар.

Ағабек Назаров:

Жылу мүлде болған емес. Бесінші қабатқа қыстың күні де су көтерілмейді. Есіктері де, басқалары да бәрі сынған, кірген кезде-ақ дұрыс емес. Тексеріп, қабылдаған адамдарды білмеймін қалай қабылдағандарын. Ең қиын мәселе - қазір туалетіміз жабық тұр, біздің. Сасып жатыр әбден.

Гауһар Мырзамұратова:

Қайда барып мұңымызды айтарымызды білмейміз. Бұл коммуналдық үй емес қой, бұл ипотекалық үй болғаннан кейін, айына банкке 30 мыңнан төлейміз. Суымыз, қоқысымыз бар, бәріне ай сайын төлеп отырмыз.

Қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеме мамандары, су жүйесінде ақаулық орын алды деп, ақталды. Қазір жарылған құбырлар алмастырылыпты. Су құбыры бойына химиялық тазарту жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана, тіршілік көзі тұрғын үйлерге беріледі, - деді «Қызылорда су жүйесі» мекемесі өкілдері.

Нұржан Диханбаев, «Қызылорда су жүйесі» МКК директорының м.а.:

Жалғыз Бейбарыс емес, алдындағы Саяхат, Көкшетау көшелері тұрғындары осындай сұраныспен келді, суымыз жоқ деп. Дәл сол аудандағы бірнеше көшені тексеріп, төрт жерден істемей тұрған су жапқыш құралдарын жөндеп, орнына келтірдік.

Еске салсақ, наурыз айында ғана «Қолжетімті баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінде де оқыс оқиға болған еді. Құрылыс нысанның төбесі ортаға түсіп, бір адам қаза болды. Бұл қайғылы оқиғаның себептері әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Ал пайдалануға берілген Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары, бір жыл ішінде бірнеше қиындықтарға тап болғандарын айтады. Енді құзырлы органдарға шағымданудан басқа амал жоқ десті.

Шарипа САҚТАПОВА