CNPC
Ресейден Қытайға мұнай тасымалдаудың жаңа жолдарын ұсынды. Қытай мұнай
компаниясы тасымал аумағы ретінде Қазақстан жерін де қарастырған. Бұл туралы
Интерфакс хабарлады. Аспан асты елі ресми түрде «Шығыс
Сібір - Тынық мұхиты» – «Сковородино-Мохэ»
құбырлары арқылы қара алтын транзитіне
келісім берді.
Осылайша, Ресей 2015 жылы тағы
400 тонна мұнайды шығысқа жөнелтпек. Бұны «Транснефть» акционерлік
компаниясының президент кеңесшісі, баспасөз хатшысы Игорь Демин мәлімдеді. Ол
келісім «Транснефть»,
«Роснефть»
және CNPC-дің еншілес компаниясы
Petrochina Internation арасында 5 маусым күні жасалғанын еске салды.
Қытай компаниясының төрағасы өз елінің солтүстік-батысында мұнай өндіру
зауыттарының жанданып жатқанын айта келе, Ресей тарапына 2018 жылдан бастап «Сковородино-Мохэ» құбыры арқылы жыл сайын 20 миллион тонна мұнай жеткізу
жолдарын қарастыруды сұрады. Тағы 10 миллион тонна Козьмино порты және
Қазақстан территориясы арқылы жеткізілмек, деді Демин. Сондай-ақ, ол қытайлық
әріптестері Ресейден құрамы азкүкіртті мұнай жеткізуді қалайтындарын айтты.
Айта өтейік, еліміздің аумағынан өтетін Туймазы-Омск-Новосібір мұнай құбыры арқылы Urals шикізаты
тасымалданады. Құбыр желісімен өтетін Ресей мұнайының күкірттілігі 1,6 пайыз. Ал қытайлықтар
болса, қара алтынның бұл түрін алуға ынтызар емес көрінеді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА