$478.58 €520.84 ₽5.44
×

Қарағандылық прокурорлар автобустарды тексеріп жатыр

AstanaTV
12.06.2015ж. 13:00
684
Қарағандылық прокурорлар автобустарды тексеріп жатыр

Қарағандыда прокурорлар қоғамдық көліктерді тексеруге кірісті. Өйткені қала тұрғындарынан қадағалаушы органға арыз-шағым көп түскен. Жолақы бағасын 80 теңгеге қымбаттатса да, қызмет көрсету сапасы әлі сын көтермейді. Прокурорлардың жол полициясымен бірлесе өткізген тексерісі барысында жолаушылар көлігінің 50 шақты жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көбісі жылдамдықты арттырғаны үшін. Автобусқа халықты толтырып алып, қала көшелерімен сағатына 90-100 шақырыммен жүйткитіндер аз емес. Арнайы белгі орнатылған жерде жаяу жүргіншілерге жол бермейтіндер де бар. Осылардың барлығы бақытсыз жағдайларға соқтыруда. Ал, Қытайдан шыққан бағыттағы көліктер пайдаланатын газ ауаны ластауда. Газ шығару мөлшері екі есеге дейін артқан. Ең сорақысы жуырда прокурорлар есірткі шегіп алған рейстік автобус жүргізушісін тоқтатты. Ер адам жұмыстан қуылып, өзге тәртіп бұзушыларға айыппұл салынды.

Айдос Райымбеков, Қарағанды қаласы Прокурорының аға көмекшісі:

Oсы рейд барысында 48 заң бұзушылықтар анықталды. Оның бірі есірткіні пайдаланып, мас күйінде болған бір жүргізуші анықталды. Ол жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, автобус жүргізуден босатылды.

Бірнеше жүргізуші  қайта оқуға жіберілді. Ал жолдағы тексеріс әлі жалғасуда. Прокурлорлар жүргізушілермен бірге автопарк иелері де жауапкершілікке тартылу керек,- деп санайды. Айта кетейік, Қарағандыда жолаушылар тасымалымен 10 жеке компания айналысады. Олардың барлығының үстінен  шағым түскен.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ