Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандыда сел шайып кеткен жолда екі адам көлікпен бірге құлап мерт болды

AstanaTV
12.06.2015ж. 20:00
1049
Қарағандыда сел шайып кеткен жолда екі адам көлікпен бірге құлап мерт болды

Қарағанды облысында сел шайып кеткен жолда екі көлік апатқа ұшырап, бір көліктің жүргізуші мен жолаушысы мерт болды. Тас жолдың көктемдегі су тасқынынан опырылған тұсына жол жөндеушілер тиісті ескертпе белгісін қоймаған. Сондықтан, көлік жүргізушілері шұқырды байқамай қалған секілді. Енді олардың туыстары құзырлы мекемелерден адам өліміне кінәлі жауаптыларды жазалауды сұрап, шырылдап жүр. Толығырақ Айжан Қуаштың репортажында.

Гүлімнің күйеуі мамырдың 18-і күні әріптесімен бірге жолға шыққан күйі із-түзсіз жоғалып кеткен. Жансейіт Ақтаев пен оның серігінің мүрделері үш күннен кейін Қарағанды-Ботақара-Кузнецк тас жолының жиегінен табылды. Жігіттер түнде жолдың опырылған тұсын байқамай, көлікпен бірге суға құлаған. 30-дан енді асқанда қыршынынан қиылған олардың артында жас балалары қалды. Гүлім Ақтаева жолшылардың жауапсыздығына налиды. Бүлінген жолда қандай да бір ескерту белгісі тұрғанда, марқұм күйеуім аман қалар ма еді, - дейді.

Гүлім Ақтаева, Ақсу-Аюлы кентінің тұрғыны:

Фотода тұр, ешқандай знак жоқ. Кім кінәлі екенін маған табу керек. «Осы фото 21-і күні түсірілген» десем, ол кісілер «жоға, біз 22 белгі қойғанбыз» дейді. Сонда адам өлуін тосқан ба? Артынан Нива құламаса, жолдасымды, ұлымның әкесін таппаушы едім.

Мерт болған екі адамды жылқышы тапқан. Мамырдың 20-сы күні түнде жылқы іздеп шыққан Ардақ Жүсіпов те осы қабақтан көлігімен құлап кетеді. Дереу терезені ашқан ол, 6 метр тереңдіктегі судан әрең жүзіп шыққан. Несиеге алған су жаңа көлігі  батып кетеді.

Ардақ Жүсіпов, Байқадам ауылының тұрғыны:

Хотя бы знак болса, тоқтайсың ғой. Знак жоқ, айдап кеп, түсіп кеттім. Түнде шығып, көрші ауылға қондым. Таңертең келсем, жігіттер труптар шығарып жатыр, дейді. Менен, олар да сенімен бірге болды ма, деп сұрады. Мен жоқ, жалғыз болдым дедім. Сол екі охранник жігітті шығарып жатыр екен.

Айжан Қуаш, тілші:

Тереңдігі 6 метр суға құлаған екі автокөлікті құтқарушылар 10 күннен кейін әрең шығарып алыпты. Бұл жер адам өмірі үшін әлі де қауіпті. Маңайда 3 бірдей ауыл орналасқанына қарамастан, ескерту белгілері әлі күнге дейін қойылмаған.

Опырылған жолдың дәл шетінде жіңішке ақ жіптерден басқа ескерту белгісін біз де көре алмадық. Оның жүйткіп келе жатқан көліктерге тосқауыл бола алмасы анық. Сот-медициналық сараптамасы марқұмдардың қабақтан құлап қайтыс болғанын растаған. Бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Тек айыпталған адам жоқ.

Асқар Баспақов, Бұқар Жырау аудандық ІІБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары:

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 254-бабымен іс қозғалды. Ол «қызметтегі міндеттеріне салғырттықты» қарастырады. Куәгерлерден жауап алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Осылар аяқталған соң ғана, барлық құпияны жария ете аламыз.

Апатты жолға жауапты «Қарағанды жолдары» серіктестігі өз кінәсін мойнына алар емес. Қайғылы оқиғадан кейін осы аумақты басқаратын адам өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал, қазіргі бастықтың өз шындығы бар.

Абылай Сұлтанғали, «Қарағанды жолдары» ЖШС филиалы ЖПБ бастығы:

Алдында қазір лента байланып тұр. Ар жағына құм сеуіп, жолдарды бекітіп тастадық. Басында тұр белгі «Жүруге болмайды деген». Түнде болған жағдай. Өтіп кетіп жатыр, қалай болғанын білмейміз.

Гүлім Ақпаева, 3 жүз шақырым қашықтағы Ақсу-Аюлы кентінен Ботақараға кінәләлерді іздеп келуден шаршады. 9 жасар ұлын 1 айдан бері «әкең сапарда» деп алдап жүр. Екі бірдей отбасын асыраушысынан айырған басшылардың жазаланғанын қалаған ол прокуратураға да шағымын жолдаған.  

Айжан ҚУАШ