$488.45 €529.19 ₽5.04
×

ҰБТ кезінде тәртіп бұзушылықтар саны 3,3 пайызға артқан

AstanaTV
12.06.2015ж. 20:00
1215
ҰБТ кезінде тәртіп бұзушылықтар саны 3,3  пайызға артқан

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде тәртіп бұзушылықтар саны 3,3  пайызға артқан. Тестілеу барысында 51 мың 307 орынсыз жәйттар тіркелген. Соның ішінде ережені өрескел бұзған  48 оқушы тест залынан шығарылып, олардың  нәтижелері жойылған.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде биылғы ҰБТ қорытындысы жарияланды. Білім және ғылым министрлігі өкілдері сынақ науқаны сәтті өтті деген баға берді. Биыл барлығы 124 мың 346 түлек оқу бітірді. Оның 84 мың 248-і қазақ тілінде, бұл - 70 пайыз. Қырық мыңнан астамы орыс тілінде аяқтады. ҰБТ-ға өтініш берген 87 мың 783 түлектің 82 мың 865-і бірыңғай тестілеуге қатысты. Бұл 94,4 пайызға тең. Биыл орташа балл 79,5 балды құрады. Бес оқушы 125 балл алды. Жалпы тест тапсырғандардың 17,4 пайызы 100 балдан астам жинаған. Ал "Алтын белгіге" үміткерлердің 52 пайызы өз деңгейін растады.

Саят Нүсіпов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру және ғылым саласын қадағалау комитетінің төрағасы:

Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілгеннен бергі тағы бір жағымды жаңалық - қазақ және орыс тіліндегі бітірушілердің білім сапаларының айырмашылығы жақындай түсті. Бұл бір ғана пайызды құрайды және теңесті деуге де болады. Былтырғы жылы бұл айырмашылықтың арасы жеті пайыз еді, сондықтан да қазақ тіліндегі мектеп саны ғана емес, сапасы да артып келе жатыр. Бұл - біз үшін аса қуанышты жағдай.

Сондай-ақ, биыл ҰБТ тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға тіркелді. Оңтүстік Қазақстан облысында оқушы қыздың орнына тест тапсырмақ болып, белдемше киіп, жасанды шаш қойған студент жігіттің оқиғасы тіпті шет елдіктердің құлағына жеткен. Тест тапсыруға жүрегі дауаламаған қызға жанашырлық сыңай танытқан Түркияның оқу орны оған тегін грант ұсынып, оқуға шақырып жатыр. Министрлік оқу орнының бұл шешімін пиар-қадам деп есептейді.

Саят Нүсіпов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру және ғылым саласын қадағалау комитетінің төрағасы:

Олар неліктен мұндай қадамға барды? Менің ойымша, бәрі аңдысын аңдып отырған. Оғаш оқиғаны пайдаланып, өз академияларын жарнамаламақ. Бір жағынына ол да дұрыс. Бұл қалыпты жайт деп ойлаймын.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ