Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Шымкентте бала сату қылмысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынғандар саны төрт адамға жетті

AstanaTV
15.06.2015ж. 20:00
1466
Шымкентте бала сату қылмысына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынғандар саны төрт адамға жетті

Шымкентте бала саудасы қылмысына қатысы бар деген күдікпен қамалғандар саны төрт адамға жетті. «Тірі тауарды» саудалауға делдалдық жасағандығы ықтимал екі азаматшаның қамауға алынғаны бүгін белгілі болды.

Досымхан Әйтішев, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокурорының орынбасары:

Қазіргі таңда дәрігерлерден бөлек екі азамат қамалды. Олар дәрігерлерге қатысы жоқ. Бірақ осы істе сатып алушылар жағынан делдал азаматтар. Олар күдікті ретінде, осы қылмыспен дәлелі болғандықтан, күдікті ретінде ұсталынып, екі айға қамауға алыну Еңбекші аудандық сотымен санкцияланды.

Құзырлы органның дерегінше, екі күдіктінің өзге қылмыстарға, яғни кемінде 3-4 нәрестенің тағдыры саудаға салынған басқа да оқиғаларға, қатысы болуы мүмкін. Делдалдық жасағандар, тастанды сәбиге жаңа ата-ана тауып бергендігі үшін, елу мың теңгеден артық ақшаны қалтаға басып отырған. «Екеуі де Шымкент қаласының тұрғындары. Еш жерде жұмыс істемейді», - деді жергілікті прокуратура өкілі. Күдіктілер бір перзентке зар отбасыларды арнайы іздесе керек.

Еске салайық, өткен аптада Шымкенттегі перинаталды орталықтың екі дәрігері қамауға алынғаны хабарланды. Олар жаңа туған нәрестені сатпақ болғаны үшін құрықталды. «Ұйымдасқан топ оннан астам сәбидің өмірін саудалаған», - дейді прокурорлар. Аталған жәйтке қатысты үш бірдей бап бойынша, яғни «нәрестелерді сату, қылмыстық топ құру және жалған құжаттар жасау» деректері бойынша, қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ