Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты Гуанчжоу сотының шешімі әлі күшіне енген жоқ

AstanaTV
15.06.2015ж. 20:00
956
Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты Гуанчжоу сотының шешімі әлі күшіне енген жоқ

Қытайда есірткі тасымалдағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына кесілген қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты Гуанчжоу сотының шешімі әлі күшіне енген жоқ. Адвокаттар келесі деңгейдегі сотқа шағымданып, 10 күн ішінде апелляцияға береді.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді. Айтуынша, апелляциядан кейінгі сот тергеу ісі жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ, ол 2011 жылы Қазақстан мен Қытай елдері арасында сотталған азаматтарды өзара алмасу жөніндегі келісімге қол қойылып, отандық Парламент құжатты 2013 жылы ратификациялағанын жеткізді. Десе де, Қытай тарапы бұл келісімді әлі де қарастырып жатқан көрінеді.


Алтай Әбибуллаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, айрықша тапсырмалар жөніндегі елші:

Қазіргі таңда бұл ратификациялау мәселесі Қытай тарапының қарастырылуында. Біз ешқандай Қытай тарапына қысым жасай алмаймыз. Бірақ дипломатиялық арналар арқылы саяси деңгейде оы келісімді ратификациялау жөнінде өз өтінішімізді ғана білдіре аламыз. Бүгінгі сот шешімі күшіне енбеген. Он күннің ішінде адвокаттар апелляцияға беруге мүмкіндігі бар.

Еске салсақ, 20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбай есірткі заттарын тасымалдады деген күдікпен өткен жылдың наурызында Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Сол кезде Малайзияға аттанбақ болған қазақстандық азаматшаның жүгінен есірткі заттары табылған.

Жұрағат БАМАН