$481.84 €531.33 ₽5.07
×

ОҚО ірі жол апатынан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті

AstanaTV
17.06.2015ж. 20:00
1056
ОҚО ірі жол апатынан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті

Шымкенттегі жойқын көлік апатынан көз жұмғандардың саны 14 адамға жетті. Жансақтау бөліміне ауыр жағдайда жеткізілген 18 жастағы жолаушы кеше кешкісін жан тапсырған. Қазір Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасында бес адам ем қабылдап жатыр.

Сәбитхан Байтеміров, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Бес адамның үшеуі жансақтау бөлімінде. Барлығында бас ми жарақаты. Сонымен бірге сүйектері сынғандар бар. Ішкі органдары зақымдалған. Екі науқасқа операция жасалды. Біреуіне қуықтың жарылуына байланысты, екіншісіне бауыр мен көк бауырдың жыртылуына байланысты операция жасалынды. Қазіргі жағдайлары ауыр, бірақ бірқалыпты.

Тағы екі науқастың бірі травматология, екіншісі нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы орташа ауырлықта екенін айтады. Жол апатынан соң аталған ауруханаға жеткізілген он адамның өмірі үшін күрескен дәрігерлер олардың бесеуін аман алып қала алмады. «Барлығы өте ауыр бас ми жарақатын алғандықтан, бұл мүмкін болмады», - деп қосты Сәбитхан Байтеміров.

Еске салайық, ірі жол апаты кеше Шымкентке кіре берісте орын алды. «Мерседес -спринтер» маркілі шағын автобус «Хово» ауыр жүк көлігін басып озбақ болған сәтте соқтығысқан. Оқиға орнында тоғыз адам тіл тартпай кетті. Шағын автобустың жүргізушісі 1967 жылы туған тараздық азамат ауруханаға жеткізілген алғашқы минуттарда қайтыс болды. Бүгін апатқа себепкер шағын автобустың Тараздағы «Әлнұр-Жетінұр» автопаркіне тиесілі екені белгілі болды. Тасымалдаушы мекеме Тараздағы автобекет әкімшілігімен 4 жылдан бері келісімшарт бойынша жұмыс істеп келген. Бекет басшылығы жүргізушінің білікті маман екенін айтты. Оның жұмыс тәжірибесінде жол апатының бірінші рет болғанын жеткізді. Алайда, Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдерінің уәжі басқа. Олар «жол апатын жасаған «Мерседес-спринтер» көлігі тұрақты тасымалдаушы ретінде тіркелмеген» деп отыр.

Айтжан Жұмабеков, Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Тұрақты маршрут болса, оның куәлігі бар. Біз тұрақты маршуртқа куәлік береміз. Ол жерде барлық маршруттың атауы, тасымалдаушы мекеменің атауы, телефоны жазылады. Осындай құжат арқылы біз біліп отырамыз. Ал кешегі ДТП бойынша. Ол қай жақтан шықты? Қандай автокөлік? Нөмірі? Мұндай ақпарат маған әлі келген жоқ.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ