$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Ұлыбританияда теннистен халықаралық турнир басталды

AstanaTV
17.06.2015ж. 20:00
1630
Ұлыбританияда теннистен халықаралық турнир басталды

Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен халықаралық турнир басталды. Дәрежелі жарысты сәтті бастаған алаң иесі Энди Маррей екінші кезеңге жолдама алды. Жеребеге сәйкес бірінші айналымда ағылшын спортшысы Тайвань елінен келген Лу Яньсуньмен ракетка түйістірді. Кездесу басынан ойын тізгінін қолына алған әлемнің үшінші ракеткасы бірінші сетте 6-4 есебімен басым түсті. Үзілістен кейінде алған бетінен қайтпаған Маррей ұпай санын арттырды. Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Тайвань спортшысы дәрежелі жарыспен қош айтысты. Екінші кезеңде Энди Маррей Испания теннисшісі Фернандо Вердаскомен сынға түседі. Ал жуырда Германияның Галле қаласында аяқталған халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған Испания спортшысы Рафаэль Надаль бірінші айналымда сүрінді. Бұл сында Пиреней Түбегінің өкілі Украина теннисшісі Александр Долгополовпен кездесіп, үш сет қортындысы бойынша ұтылып қалды. Долгополовтың ендігі қарсыласы - Испания спортшысы Гильермо Гарсия Лопес.



Велоспорттан «Швейцария» турының 4-ші кезеңі мәресіне жетті. Флимс және Шварценбах қалаларының арасында өткен бәсекеде Австралия спортшысы Майкл Мэттьюс жеңіске жетті. 193 шақырымнан тұратын жарыс жолын «Орика Грин Эйдж» командасының өкілі 4 сағат 36 минутта бағындырды. Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен Словакия спортшысы Петер Саган екінші орынға жайғасса, үшінші сатыны бельгиялық Грег Ван Авермат еншіледі. «Астана» клубының спортшысы Якуб Фульсанг мәре сызығын 13-ші болып кессе, жас спортшымыз Бақтияр Қожатаев жеңімпазға 8 минутқа жуық уақыт ұтылып, межелі жерге 84-ші болып жетті. Жалпы есепте өзгеріс жоқ. Екінші кезеңдегі жетістігінен кейін голландиялық Том Дюмулен бірінші орында қалды. «Жиан Альпесин» клубының спортшысына 17 секунд ұтылып тұрған «Астана» клубының капитаны Якуб Фульсанг 6-шы орынға табан тіреді. 


Самат ҚАНАҒАТОВ