$519.51 €611.83 ₽6.6
×

ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Корея павильонына күніне 6 мыңға жуық мейман келеді

AstanaTV
09.08.2017ж. 20:00
3342
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Корея павильонына күніне 6 мыңға жуық мейман келеді

ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Корея павильонына күніне 6 мыңға жуық мейман келеді. Олар тіпті технологиясы озық мемлекеттің тың туындыларын көру үшін сан сағаттап кезекте тұруға да әзір. Мәдениеті мен танымы және керемет тағамдарымен ерекшеленетін ел ЭКСПО қонақтарын міндетті түрде өз көрмелерін келіп тамашалауға шақырады.

Бұл ЭКСПО-дағы Корея павильоны қонақтарына таныс жағдай. Қашан да ұзын-сонар кезек. Алайда, көрменің артындағы керемет көптің назарына ілікпеуі мүмкін. Мұнда елдің түрлі таңбаларын қойдырып, QR-код арқылы асханаға 500, ал дүкендегі заттарға 300 теңге жеңілдік ала аласыз. Дүкенде балалардың сүйікті қуыршағынан бастап, түрлі косметикалар да бар. Бағасы қолжетімді.

Бён Йонг Соп, Корей павильонының директоры:

Жалпы Корея павильонының басты мақсаты - тек павильонды көрсету ғана емес, сонымен қатар Кореяның мәдениетін таныстыру болып табылады. Соның ішінде, ұлттық  тағамдарын, құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу. Бұл бірінші орында Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынасқа септігін тигізсе екен деп үміттенеміз. 

Корея асханасының өз ерекшелігі бар. Көбі оның пайдасы мол екенін айтады. Мысалға, бұл елде артық салмақпен жүрген, семіз адамдарды көрмейсіз. Мұның өз құпиясы бар.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Кәрістердің дене бітімінің сымбатты болып келуі тікелей осы тамақтануына да байланысты екен. Олар мынандай таяшамен асықпай, тамақтарын сіңіріп отырып жейді. Тамағында теңіз өнімдері мол болғандықтан, мұнда йод та көп.

Сондықтан мұның дәмін көруге арнайы келетіндер көп. Мысалға, Сара Моңғолия астанасы Улан-Батордан ЭКСПО көрмесіне арнайы келіпті. Корея асханасын ұнататынын айтады. Сондықтан құрбыларымен түскі асты осында ішуді ұйғарған.

Сара Сарэнгэрэл, ЭКСПО көрмесіне келуші (Монғолия):

Бізге Корей асханасы, фу-дэ тағамы қатты ұнайды. Бұл елдің асханасы біздің елде де көп. Сондықтан осы жерді таңдап отырмыз. Ал Қазақстанға алғаш келуім, маған өте қатты ұнады.


Мұнымен қатар Корея мұражайында да керемет дүниелер көп. Мысалға, мына виртуалды көзілдірікпен Кореяның Чеджудо аралын шынайылық бейнесі арқылы көруге болады. Тіпті естелік суретке түсіп, кейін оны тегін шығарып алуға да болады.