Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматы маңындағы ұшақ апатына адам факторы да себеп болуы мүмкін - Ж.Қасымбек

AstanaTV
15.08.2017ж. 20:00
2907
Алматы маңындағы ұшақ апатына адам факторы да себеп болуы мүмкін  - Ж.Қасымбек

Алматы маңындағы ұшақ апатына адам факторы да себеп болуы мүмкін. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгін эксклюзивті сұхбатында осындай болжам барын мәлімдеді. Ал Азаматтық авиация академиясында жазғы оқу-жаттығу жұмыстары тоқтатылған. Сыннан өтіп үлгермеген курсанттарға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Ол не үшін қажет? Ал украин ұшқышының денесі неге әлі күнге дейін мәйітханада жатыр?  Олжас Нұржақып баяндайды.

Олжас Нұржақып, тілші:

Шетелдік ұшқыш пен 21 жасар өскелеңнің өмірін қиған ұшақ апатына не себеп? Адам факторы ма, әлде ұшақтағылар табиғат мінезіне қарсы тұра алмады ма? Куәгерлер мен академия мамандары ұшақты  құйын құлатты деген еді. Алайда, Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек эксклюзивті сұхбатында апатқа адам факторы да себеп болуы мүмкін деген болжам барын мәлімдеді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Барлық нұсқаларды барынша сүзгіден өткізуге тырысамыз. Мүмкін, адам факторы немесе техникалық ақау болуы ықтимал. Ауа райы сол күні ашық болды емес пе? Оның үстіне, ұшақ жаңа. 3-4 жыл бұрын сатып алған. Еуропалық стандартқа сай құрастырылған ұшақ әуеге көтерілерде, арнайы тексеруден өткізіледі. Сондықтан барлық жағдайды сараптайтын боламыз. Нақты нұсқа комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін жарияланады.

Ал Азаматтық авиация академиясы қайғылы жағдайдан кейін әуедегі оқу-жаттығуды тоқтатты. Сынақ тапсыруға ниеттенген курсанттардың жартысына жуығы келесі курсқа өткізілмепті. Ал талап бойынша олар курсты аяқтау үшін 100 сағат ұшуы керек.

Шәміл Беришев, Азаматтық авиация академиясы авиациялық мәселелер жөніндегі проректордың міндетін атқарушы:

Қазіргі уақытта жазғы оқу-жаттығуды курсанттардың жартысына жуығы аяқтаған жоқ. Қазір әуедегі сынақ тоқтатылды. Арнайы комиссия тексеруі аяқталып, ұшуға рұқсат бергеннен кейін, жазғы оқу-жаттығу жалғасатын болады. Шамамен, қыркүйек-қазан айларында толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. 

Қазір курсанттармен психологтар жұмыс істеуге кіріскен. Бұл студенттердің қайғылы оқиғадан соң секем алып, мамандығынан айнып қалмас үшін қажет,- дейді мұндағылар.

Айгүл Бейсембаева, Азаматтық авиация академиясының авиациялық психология мұғалімі:

Мен бәрімен әңгімелестім. Әрине, олардың жүректерінде әлі де үрей бар. Қайғылы жайттың салдарынан сейіле қоймаған. Әрине, бәрімізге ауыр тиді. Бірақ психологиялық жұмыс ұзақ уақытты талап етеді. Әр курсантты жеке қабылдап, арнайы сыннан өткізу қажет. Қыркүйек айында аталған жұмыстар жоспарға енді.

Айдарды туыстары жер қойнына тапсырғанымен, Сергей Курченконың денесі бес күннен бері мәйітханада жатыр. Іздеушілері болғанымен, ел асатын құжаттарының жоқтығынан, келе алмай жатқан көрінеді. Академия қабырғасында арнайы құрылған топ қазір анасымен байланысқа шыққан. Құжаттары реттелген соң туған жеріне жерленбек.

Бір қызығы, академия деген дардай аты болғанымен, өзіне тиесілі оқу-жаттығу әуежайы жоқ. Курсанттардың шеберлігін шыңдау үшін, білім шаңырағы бірқатар жеке орындардың ұшу алаңын жалдайды. Проректор мәселенің үкіметте қаралып жатқандығын жасырмады. Академияны бітірген курсанттар әуе компаниясына келгенде, техникаға отыруға дайын болмай келеді. Осылай деген министр бұл мәселені Білім министрлігімен талқылайтынын айтты.

Олжас НҰРЖАҚЫП