Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Жамбыл облысында қаза болған жеті жауынгердің өліміне қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
15.08.2017ж. 20:00
2527
Жамбыл облысында қаза болған жеті жауынгердің өліміне қатысты сот отырысы басталды

Жамбыл облысы Көксай шатқалында қар астында қалып қаза тапқан жеті сарбаздың өліміне қатысты сот басталды. Бұрынғы штаб бастығына апатқа жол берді деген айып тағылған еді. Шымкент гарнизонының әскери сотына қатысқан Айзада Төребекқызы жалғастырады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Жеті жауынгердің өліміне жол берді деп айыпталып отырған Қорғаныс министрлігіне қарасты №916/78  әскери бөлімінің бұрынғы штаб бастығы - Бақыт Шойбеков. Ол Қылмыстық кодексінің  453-бабы 2-бөлімімен айыпталып отыр. Яғни қызметіне селқос қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соғу бабымен.

Ермек Жанатаев, әскери  прокурор:

Шойбеков Бақыт қылмыстық құқықбұзушылық жасады. Яғни ол өз қызметіне салғырт қарап, ауа райының қолайсыздығын біле тұра, жаттығуға жауынгерлерді жіберді.

Шойбеков жауаптан жалтармады. Ол өз айыбын қатты өкіне отырып, сот залында мойындады. Дей тұрғанмен, сол күнгі болған жағдайға өкінетін айтқан айыпталушы бірақ сарбаздарды өзінің оқу-жаттығуға тікелей жібермегенін алға тартты. Яғни дауылды ескертуді елеусіз қалдырмадым деген дәйек келтірді. 

Бақыт Шойбеков, айыпталушы:

Дауылды ескерту берілген бір күні алдын. Сол себепті мен тауда жаттығуды тоқтату туралы тапсырма берген болатынмын. Бірақ қайғылы оқиға болар күні таңғы уақытта бір топ әскеридің Камаз жүк көлігімен жаттығуға шығып кеткен. Мен оны шындығында білген жоқпын. Соған қарамастан, қарамағымдағы сарбаздардың қауіпсіздігін сақтай алмағаным үшін қатты өкінемін.

Сотқа қатысуға келген жәбірленушілер мен марқұмдардың туыстары Бақыт Шойбековтың тікелей кінәсі бар деп санамайды. Марқұмдардың ет жақындарының пайымынша, жеті адамның ажал құшуына тікелей жауаптылар жазадан тыс қалып отыр. 

Айзада Төребекқызы,тілші:

Еске салайын, Жамбыл облысында Ақсу-Жабағылы қорығына кіретін Көксай шатқалына оқу-жаттығуға барған бір топ сарбаз  17 ақпан күні қар  көшкінінің астында қалып қойған болатын.  7 жауынгер оқиға орнында қаза тауып,  16 адамды құтқарушылар қар астынан аршып, аман алып қалған еді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ