Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астаналық кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметіне наразы

AstanaTV
02.07.2015ж. 20:00
1513
Астаналық кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметіне наразы

Заңды білмесең - артық ақша төлеуге дайын бол. Салықтық есеп тапсыруды уақытша тоқтатып, бизнесін жапқан астаналық кәсіпкерлерге, мемлекеттік кіріс департаменті 300 мың теңгеге жуық айыппұл төлетпек. Құзырлы орган мұндай шараны жұмыс істемеген мерзімде, алкогольді өнім сату лицензиясы үшін тапсырылуы тиіс міндетті терімді төлемегені үшін қолданған. Кәсіпкерлер болса, «табыс тоқтады, не үшін төлейміз» деп аң-таң.

Раушан Жақанова:

Маған «лицензия тапсырайын ба дегенде - жоқ тапсырмай тұра тұрыңыз», - деді. Ал мен сол кезде «лицензияны тапсыр» дегенде тапсырған болар едім. Ал енді мен 200 мыңды қалай төлеймін? Өзім үйде отырмын.

Раушан Жақанова үйінің жанынан ашқан шағын дүкені тиімсіз болғандықтан, жеке кәсіпкерлігін 2018-ші жылға дейін тоқтатқан. Алайда салық органына кәсіпті тоқтату жөніндегі арызын апарғанда, оған алкогольді өнім үшін төленетін лицензияға төлем жүре беретіні туралы ешкім тіс жармапты. Осыны төлемегені үшін енді Раушанға 300 мың теңге айыппұл салынды. Мемлекет алдында берешегі барын, және осы жылдың қаңтарынан салық кодексіне алкогольдік өнім саудасына берілетін лицензияға қатысты өзгеріс енгізілгенін кәсіпкер жаңа біліп отыр.

Нұржан Букин, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бөлімшесінің бастығы:

Кассалық аппарат тіркеуден алынғанынан, жеке кәсіпкердің салық органындағы тіркеу карточкасы тапсырылғанынан хабардар бола тұра, салық органы кәсіпкерге міндетті терім мен оның уақытылы өтелмегені үшін айыппұл салды. Бұл заңсыз деп санаймыз. Құзырлы орган салық кодексіне енгізілген өзгерістің күшіне енгені туралы хабарландыру жасамаған.

Салық заңнамасының кәсіпкерлерге салмақ салатын басқа да тұстары бар, - дейді астаналық бизнес иелері. Мәселен, алкоголь өнімдері саудасына рұқсат беретін лицензия құны жылына 100 айлық есептік көрсеткіш болса, рұқсатсыз сауда жүргізген кәсіпкерге салынатын айып - жеке тұлғаға 15, ал шағын бизнес өкіліне 25 айлық есепті көрсеткіш. Сондай-ақ міндетті терім шағын дүңгіршек пен үлкен сауда орталықтарына бірдей, -  дейді кәсіпкерлер. Айып көлемі мен міндетті терім тағайындауда дифференциалау жоғын кіріс департаментінің маманы да мойындап отыр. Алайда, «кәсіпкерлерге жанымыз ашығанымен, заңнан асып әрекет ете алмаймыз» дейді.

Салтанат Кенжебаева, Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

Бұндай оқиғалар 2016-17 жылдарда да қайталанары сөзсіз. Сондықтан  салық кодексінің 472 бабына лицензиялық төлем төлеушілерге қатысты өзгертулер енгізген жөн секілді. Ал қолданыстағы заң бұл жағдайда ешқандай жеңілдік бере алмайды.

Кәсіпкерлер кеңесі  осы шағымдарды жинап,  «Атамекен» ҰКП-ға жолдады. Олар «жанайқаймыз құзырлы мемлекеттік органдардың құлағына жетер», - деген үмітте.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ 

Алдыңғы жаңалық