$474.72 €515.17 ₽5.58
×

ОҚО-да сынақты ақшаға бағалаған мұғалімге қатысты тергеу амалдары жүргізілмек

AstanaTV
16.02.2016ж. 20:00
4027
ОҚО-да сынақты ақшаға бағалаған мұғалімге қатысты тергеу амалдары жүргізілмек

Оңтүстік Қазақстан облысындағы пара алумен аты шыққан Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінде полицейлік тексеріс басталды. Облыстық ішкі істер департаменті өкілінің дерегінше, Қылмыстық кодекстің 247-ші, яғни «Заңсыз сыйақы алу» бабының 2-ші тармағы бойынша оқытушыға қатысты дәйек сотқа дейінгі тергеу  амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, бүгін аталған колледждің басшылық құрамдағы тағы екі қызметкерінің жылы орнымен қош айтысқаны белгілі болды. Оның бірі - колледж директоры.

Баянғали ЖҰмабаев, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы персоналды басқару бас маманы:

Директордың міндетін уақытша атқарушы Бақыт Дәулетов, ҚР Еңбек кодексінің 52 бабы 1 тармақ 16-тармақшасына сәйкес, өзінің атқарып отырған қызметінен босатылды. Яғни тәртіптік жазасы бар қызметкер өзінің міндеттерін қайталап орындамағаны үшін қызметінен босатылды. Сонымен қатар  колледждің директоры Мыңбай Сейділлә Сәрсенұлы өз өтінішімен атқарып отырған қызметінен босатылды.

Еске салайық, өткен аптада Түлкібас агробизнес және саяхат коледжінің 51 жастағы оқытушысы сынақтан өткізу үшін студенттерінен 1 500 теңге талап етіп отырғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кеткен еді. Жасырын түсірілген бейне педагог сынақ нарқын ашық саудаласқанымен қоймай, «қарызға» баға қоюдан бас тартқан. Осы айыбы үшін Нұржамал Жанбосынова қызметінен босатылғанын айтқанбыз. Ізін ала оқу орнының кәсіптік оқыту бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылған еді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ