Елімізде теріс діни ағымдарға тән киім кигендерге енді айыппұл салынады. Сенаторлар діни қызмет туралы заңға осындай өзгеріс енгізді.
Депутаттар: "Көпшілік ортада деструктивті діни ағымдарға тән киім кигендер жазасыз қалмауы тиіс", дейді. Енді оларға ескерту жасалады немесе айыппұл салынады. Айып мөлшері жеке азаматтарға 50 АЕК, ал заңды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде. Бюджеттік мекеме қызметкерлері заңды бұзған жағдайда ескерту алады немесе 50 АЕК айыппұл арқалайды. Бір жылдың ішінде заңды қайтадан бұзғандарға салынар айып еселенеді: азаматтарға - 200 АЕК, лауазымды тұлғаларға 300 АЕК, ал заңды тұлғалардың тіпті қызметі тоқтатылып, 500 АЕК айыппұл салынады.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Заң жобасының негізгі талабы - дінді теріс мақсатқа қолдануға жол бермеу. Осылайша «Деструктивті діни ағым» және «Діни радикализм» деген жаңа ұғым енгізілді. Теріс діни ағымдар идеологиясының насихаты мен оның сыртқы белгілеріне тыйым салу арқылы қоғамымызға жат идеологияға қарсы тұру көзделіп отыр.
Бұған дейін Мәжілісте адамның бет-әлпетін бүркейтін киімдерге тыйым салынатыны айтылды. Оның ішінде құқық қорғау органдарының адамды тануына кедергі жасайтын бүркеншік маскалар да бар. Бұл тыйым дипломатиялық сала өкілдеріне ғана қолданылмайды. Дегенмен, заңда қысқа балақ пен сақал мәселесі нақтыланбапты. Болашақта бұл да ескерілуі мүмкін.
Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР, ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Біз араб емес, қазақпыз. Елімізде заң бүкіл дінге өте жұмсақ қарайды. Ешкімге қысым көрсетілмейді. Егер, діни көзқарас қоғамды дамытуға бағытталып, толеранттылық пен бейбітшілікті, тыныштықты насихаттаса, несі жаман? Бірақ, шалбарының балағы шолтиған сақалдыларды көргенде, оларды дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері, кейде тіпті экстремистік көзқарастағы адам деп санаймыз. Сондықтан, заң жобасында мұның бәрі жан-жақты ескерілуі керек .
Діни радикализм белгілері білінген жеке тұлғаларға 50 АЕК, заңды тұлғаларға 100 АЕК айыппұл салынады. Мемлекеттік бюджет қаржыландырылатын мекеме қызметкерлеріне ескерту немесе 50 АЕК айыпұл салынады. Бір жылдың ішінде қайтадан заң бұзғандарға берілер жаза: азаматтарға - 200 АЕК, лауазымды тұлғаларға 300 АЕК, заңды тұлғалардың қызметі тоқтатылады.
Е. Карин