$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Таразда тәртіп сақшылары төбелесіп, бір-біріне пышақ ала жүгірді

AstanaTV
11.08.2017ж. 20:00
2745
Таразда тәртіп сақшылары төбелесіп, бір-біріне пышақ ала жүгірді

Таразда тәртіп сақшылары төбелесті. Ішкі істер департаментінің білдей басқарма басшылары мен экс-сақшының дауы пышақтасумен аяқталған. Сол жақ кеудесіне пышақ қадалған біреуі ауруханада. Тағы бірі қамалып, үшіншісіне іздеу жарияланды. Қаланың қақ ортасында қақтығысқандар бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Погондылардың жанжалдасуына не себеп? Данияр Әлімқұл толықтырады.

Тәртібінен жаңылған тәртіп сақшыларының төбелесі бес жұлдызды қонақ үйдің бейнебақылауына жазылып қалған. Түнгі дәмханалардың бірінде сылқия сыра ішкендер сөзге келісіп қалады. Бір-біріне жұдырық ала жүгіріп, жаға жыртысқанын мына кадрлардан көруге болады. Мұнда суық қаруды оңды-солды сілтеп жүрген - Облыстық экстремизмге қарсы күрес басқармасының басшысы Үмбеталиев. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол өзіне қарсы келген Байзақ ауданы Халыққа қызмет көрсету ортылығының басшысы Марсель Жетпісбаевқа пышақ сұғып алады. Артынша, Жамбыл облысы криминалды полиция басқармасының басшысы Бектұрғановты жаралайды.

Пышақ жарақатын алған  Жетпісбаев таңғы бес жарымдарда Тараз қалалық ауруханасына түскен. Ол кеуде қуысынан пышақталып, дәрігерлер «бауырдың сол жақ бөлігінің жарақаты» деген диагноз қойған.  Ал, жарақат алған Жамбылдағы криминалды полиция басқармасының басшысы ауруханаға жатудан бас тартады. Ал Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінен өз қызметкерлеріне қатысты қандайда бір жауап алу мұң болды. Департамент дарбазасынан өзгелерді өткізіп, тек тілшілерді ғана ішке енгізбеді.

Заң қорғаушылардың осы оқыс қылықтарын Ішкі істер министрлігі жоққа шығармады.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-тармағы, 99-баптың 2-тармағы бойынша  (өлтіруге оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Үмбеталиевті ұстау шаралары бастады, Бектұрғанов уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті басшылығын жауапкершілікке тарту мәселесі қаралуда. 


Қазір бұл атышулы істі Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Жамбыл облыстық прокуратурасының ведомствоаралық жедел тергеу тобы жүргізіп жатыр. Әріптестерін пышақтаған Үмбеталиев іздестіріліп жатыр. Қазір Жамбыл олысы аумағында жасырынып жүрген полицейді жаппай өз әріптестері іздеп жатыр. Ал Бектұрғанов уақытша ұстау абақтысына жабылған. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ