Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжар мен Оралда жабайы саудамен күрес күшейді

AstanaTV
03.10.2018ж. 20:00
3467
Қызылжар мен Оралда жабайы саудамен күрес күшейді

Дүңгіршектер мен базарлардың дәурені бітті. Аймақтарда бұл бағытта жұмыс күшейді. Оралда бірнеше базар жойылып, оның орнына сауда орталықтары ашылмақ. Ол үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Ал, Қызылжар шенділері сүрілуі тиіс сауда павильондарының иелерімен 10 жылдан бері дауласып жүр. Аймақтағы тілшілеріміз баяндайды.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Қызылжарда шаһарға заманауи көрік беруді көздеген әкімдіктегілер соттан көз ашпай келеді. Орталық базардың кәсіпкерлері мен шенеуніктер бір ымыраға келе алар емес. Жарық диотды бағандарды орнатуды жоспарлап отырған қала билігі Интернационал көшесінің бойындағы сауда павильондарын сүріп тастамақ. Бұл жерде кәсібін дөңгелетіп отырған 26 бизнесмен бұған қарсы. Іскерлердің айтуынша, әкімдіктің талап-арызы жөнсіз.

Олег ХРУПИН, КӘСІПКЕР: 

Стандартқа сәйкес жаңа бағандардың қауіпті аймағы 60 сантимерді құрайды. Біздің бутиктер бұл сызықтың ішіне кіріп тұрған жоқ. Бұны тәуелсіз сарапшылар да растады. Бірақ, сот әкімдіктің жағын қолдап, біз жеңіліс таптық. Енді соттың шешімін аппеляцияға береміз.

Қала билігі жалға берілген жерлерді тәркілеп алмақ. Оларға өтемақы қарастырылмаған. Ал, жерді жеке меншікке өткізіп үлгерген алты кәсіпкерге өтемақы ретінде 3.5 миллион теңгеден берілмек. 

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:  

Қазіргі кезде екі кәсіпкерге өтемақы төленді. Қалған төрт кәсіпкердің жер учаскесі бағаланғаннан кейін оларға өтемақы төленеді. Содан кейін дүңгіршектерді сүру жұмысы басталады.

Көше бойында газет сатқан киоскілердің мәселесі де әлі күнге дейін шешімін таппаған. Бірнеше ай бұрын кәсіпкер Евгений Чернобай он дүңгіршектің жоғалғаны жөнінде хабарлаған еді. Кейін оларды қалалық әкімдіктің заңсыз алып тастағаны белгілі болды. Ізінше прокуратура «жүгенсіздік» бабы бойынша іс қозғады. Алайда, кінәлі тұлғалар әлі де жазаланбапты.   

Евгений ЧЕРНОБАЙ, «ARNA PRESS» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Полицейлер мені ескертпей қылмыстық істі тоқтатып тастады. Бірақ, прокуратура оны қайтадан ашып, өз бақылауына алды. Қала прокуроры бұл мәселені өзара келісу арқылы шешуді ұсынды. Алайда, қалалық әкімдік менің талабыма құлақ асуға құлықсыз. Сондықтан, бұл проблема тығырыққа тірелді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Сауда бутиктері мен газет киоскілерінің әбден ескіргеніне ешкім шүбә келтіріп отырған жоқ. Бірақ, кәсіпкерлер барлығын заң аясында істеу керектігін талап етіп отыр. Ал, Оралда тіпті базарлар түгелімен жойылмақ екен. Еркін...

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Ия, Абзал, қаладағы 14 базар жаңартылады. Осылайша, алдағы жеті жылдың ішінде облыс орталығындағы жайма базарлар түгелдей жойылады. Қазір 24 базар бар, олардың 11-інде азық-түлік сатылады. Көбі жекенікі. Күні бүгін төрт базар жаңа ғимаратқа көшкен. Енді 14 сауда орны жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатыр. Дегенмен, аумағы ат шаптырым жаңа ғимаратты салу шығынға толы іс. Бұл кәсіпкердің қалтасына салмақ салғанымен, жергілікті әкімдік заң талабын орындау-міндет дейді.

Мейрам ХАЙЫРОВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: 

Тиісті түсіндірме жұмыстар, кездесулер өткізілді. 2025-тен бастап стационарлық емес базарлар болмауы керек. Яғни, сыртта контейнер, бутик, киоск ретінде сатпауы керек базардың ішінде.

Бұл - бұрынғы киім-кешек базары. Қазір осы жерден екі сауда үйі салынды. Енді үшіншісі бой көтермек. Жаңа ғимараттың іргетасын құюға кіріскен базар өкілдері өздерін тұтынушы талғамы мен заман талабына сай болғымыз келеді деп отыр. 

Елена КАРМЕЕВА, САУДА ҮЙІНІҢ ӘКІМШІСІ: 

Мұнда бұрын жайма базар болды. Қыстың суығында, жаздың ыстығында ашық жерде тұрып, киім таңдау қиын еді. Енді жаңа ғимаратқа көшер күн де алыс емес. Дегенмен, тұтынушылар да, саудагерлер де сауда үйіндегі жайлы жағдайға әбден үйреніп алған.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Осылайша, қалалық кәсіпкерлік бөлімі енді көшеде отырып, сауда көрігін қыздырғандардың кәсібін реттемек ниетте. Қажет болса, полиция да жұмылдырылады. Сондай-ақ, базарларды жаңғырту бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер енгізуді де жоспарлап отыр.

А.Құрманкин, Е. Карин