Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Толықтыратын тұстары бар». «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы жайлы

AstanaTV
06.10.2018ж. 20:00
3157
«Толықтыратын тұстары бар». «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы жайлы

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасының қосалқы бағдарламалары – «Жас арман» және «Қамқор баспана» пилоттық жобалары іске қосылған, ол жас отбасылар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне арналған. Шымкент әкімдігі қайтарылатын бірінші жарнаға биыл 500 миллион теңге құйды, алдағы жылы бір жарым миллиард теңге субсидия бөлмек. Не дегенмен, бұл бағдарлама кейбір отбасыға «ыңғайлылау вариант» болып шыққан сияқты. Дегенмен оны толықтыру керек дейтін пікір жетеді... Президент те кеше Жолдауын жариялап отырғанда осы бағдарлама бойынша 2-ақ мың өтінім мақұлданғанын естіп, жоғары атқарушы билікке қарап, «жұмыс істемейміз» деді. Қандай нюанстары барын білуге ишара танытқан, жауап болмады. Айзада Төребекқызы жалғастырады.

Дегтевтер отбасы Ақтаудағы баспаналы болуды армандаған мыңдаған отбасының бірі. Үш жыл бұрын үйленген жұптың пәтерлі болсақ деген тілегінің әзірге орындалар түрі көрінбейді. Басты кедергі - отбасы кірісінің төмендігі. Отағасының тұрақты табысы жоқ. Ал Аида екінші баласының күтімімен үйде отыр. Үйленгелі ата-анасының екі бөлмелі пәтеріне сыйысуға мәжбүр жұп «7-20-25» бағдарламасы жайлы тек таныстардан естігендерін айтты.  

Аида ДЕГТЕВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Жаңа бағдарлама біз секілді тұрақты табысы жоқ, қарапайым отбасылар үшін қолжетімсіз екен. Жаңа ипотекада сенің төлем қабілеттілің бірінші орынға қойылады деп жатыр. Бізде ондай мүмкіндік жоқ.

«7-20-25» Дегтевтерға арман ғана болғанмен, Ақтауда аталған бағдарлама орындалып жатыр. Дейтұрғанмен, төмен пайызбен, әрі бастапқы жарнасының төмендігіне қызыққандардың барлығына бірдей пәтер тауып беру Ақтауда мүмкін болмай тұр. Өйткені бағдарлама тек жаңадан салынған, бірінші нарықтағы үйлерді қамтиды.  

 Ал Шымкентте «7-20-25» бағдарламасының орындалуы әзірше төмен. Мегаполисте небәрі 45 өтінім түскен. Соның 27-сі мақұлданып, 18 отбасы жалпы соммасы 190 миллион теңгенің үстінде несие рәсімдеген.

Нұрлан ДОСЫМБЕКОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІ САТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Жаңа бағдарлама бойынша сұраныстар бар, бірақ көп кісілер, көп адамдар ол программен әлі таныспаған. Білмеген соң адам көбісі ондай программаға жолағысы келмейді, біріншіден.  

Екіншіден, мегаполис тұрғындарына тұсау болып тұрған мәселе – табыстың төмендігі. Бірінші кезекте өзін өзі жұмыспен қамтығандар бұл мүмкіндіктен қағылады. Табысы тұрақты емес. Әйтпесе, бастапқы жарна пәтер құнының небәрі 20 проценті деген үлкен жеңілдік деп санайды сарапшылар. Қарап тұрсаңыз оп-оңай. Енді есептеп көрейік. 

Мәселен, үш бөлмелі пәтердің құны 15 млн теңге деп алайық. Оның бастапқы жарнасын банкке өзіңіз бірден құясыз. Бұл жалпы сомманың 20%-ы, яғни 3 млн теңге. Ал қалған 12 млн теңгесін банк сізге 7 % -пен 25 жылға береді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Ал енді ай сайынғы төлем қанша болады деген сұрақ туады бұл жерде. Мәселен 1 бөлмелі пәтердің құны 7 млн теңге деп есептейтін болсақ, ай сайын сіз 50 мың теңгеден құюыңыз керек. Бұл жерде сіздің жалақыңыз 100 мың теңгенің үстінде болуы қажет. Ал екі бөлмелі пәтердің құны 10 млн теңге деп алатын болcақ, ай сайынғы төлемақы - 71 мың теңгеден. Бұл жерде жалақы 150 мың теңге шамасында болуы тиіс. Ал 15 млн теңге тұратын баспана үшін ай сайын 106 мың теңгеден құюға тиіссіз. Жалақыңыз 200 мың теңгенің үстінде болуы керек.    

Бағдарламаның басты шартына сәйкес пәтер басында ипотекалық несиесі жоқтарға беріледі. Бүгінде ипотекасы болмаса да, үш адамның екеуі банкке берешек екенін ескерсек, отбасының кірісі азаятыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл жерде шығар жол - кепілгер. Альфия Өсербаеваның тығырықтан шығуына сеп болған осы мүмкіндік. Оған ұлы кепіл болған. Жуырда қоныс тойын тойлағалы отырған бұл отбасы үш бөлмелі пәтерге 3 млн теңге бастапқы жарна құйған. Жетпегенін туыстарынан қарызға алыпты. 45 жастағы Альфияның мамандығы – есепші. Бірақ қанша есепке мықты болғанымен біраз жыл пәтер жалдап, қол жеткенінің өзі тым ескі болыпты. Бастысы алып жатқан баспанам су жаңа деп қуанады.  

Альфия ӨСЕРБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:   

Ай сайынғы құятын ақшамыз 84 900 теңге. Досрочное погощение жасауға болады екен. Оны ақша жинап құйып, суммасын ай сайынғы төлейтін ақшаны азайтуға болады.  

Шын мәнінде жаңа ипотека халықтың баспанаға зәрулігін шеше алады ма? Жаңа бағдарламаның пайызы төмен, бастапқы жарнасы аз, әрі несие өтеу мерзімі - 25 жыл. Бұдан артық қандай жеңілдік керек дерсіз. Бірақ бір жалақыға күні қараған талай жас отбасының уайымы басқа.   

Жәнібек НҰРЫШ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үй алғаннан кейін кемі екі бөлме алу керек болады. Екі бөлме үйдің ең арзан бағасы 10 млн. болуы мүмкін. Сондықтан ол жерде 20 пайыз көлемінде 2 млн. бірден тауып төлеу қиын болады.  

Әлия ӘДІЛБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Алғашқы жарнаның өзін жинау мен үшін қиын болып жатыр. Өйткені ақшаның басы жиналмайды, артылмайды. Сондықтан, ойда бар, бірақ қаншалықты мүмкін болатынын білмеймін.  

Дәл осы тұста Шымкенттерге қала билігі үлкен қолдау білдіргелі отыр. Алғашқы жарнаның тең жартысын әкімдік субсидия ретінде төлеп береді. Бұл аталған бағдарламаның қарқын алуына үлкен сеп болады деп сенеді шенеуніктер. Мұндай көмек «Баспана» ипотекалық ұйымының «Жас арман» және «Қамқор баспана» атты пилоттық жобасы шеңберінде жүзеге аспақ.  

Бауыржан ҚУАНЫШБЕКОВ, « НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бірінші, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне, екінші жастарға. Бірінші жарнасы 20 пайыз болатын болса, сол 20 пайыздың жартысын төлеу мәселесі. Ол бірінші кезде жергілікті бюджеттің қаржысынан қаржыландырады. Ол қайтарымды. Ол өзінің қайтаратын кредиті пайызы бар ғой, оған пайыз берілмейді. Тек өзін сол 25 жылдың ішінде төлеп шығады. 

Айта кетейік, миллионды шаһарда тап бүгін 37 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның бәрі арендалық-коммуналдық тұрғын үйден үміттілер екен. Биыл соның 1 152 - сі кезек реті бойынша қамтылады деп жоспар бар. Дайын үйдің бары сол. Былтыр тұрғын үй жинақ банкі және басқа да бағдарламалармен үйлі болғандар саны мыңнан асқан. Ал «7-20-25»-тің артықшылығы мынада: 

Гүлнар ӘШІРБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:   

Басқа бағдарламадан айырмашылығы бұл жерде кезекте тұрмай- ақ та алуға болады. Бізде қалада көп қой, мысалыға кезекке тұру үшін белгілі бір санатқа жату керек. Әлеуметтік әлсіз топқа жату керек немесе бюджет саласында қызмет атқаруы керек, ал басқа жеке компанияда істеп жатқан қанша азамат, сол бизнесте істеп жатқан қанша азамат, тіпті біздің театр әртісі дейміз ғой, олардың барлығы бюджет саласында қызмет атқармаса, жеке болса олардың бәрі үй ала алмайды. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы бұл қалған азаматтарға ыңғайлы.  

Әбілғазы ҚАЛНАЗАРОВ, «ҰЛТТЫҚ БАНК» ОҚОФ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:  

Көп банктер өз ішкі саясатын басшылыққа алып, ауданда ауылды жерлерге берілмейді. Бұл жерде беріледі. Ауданда, ауылдық жердің бәріне беріледі. 

Жаңа бағдарлама құрылыс компанияларының да оң жамбасына келіп тұр. 1 - классты баспана салумен айналысып жүрген жеке құрылыс компаниясы сұраныстың артқанын айтты. 35 млн теңгеге үш пәтерін сатқан. Тағы 2 пәтер банк қарауында. Әлі 20 пәтері бос. Бірақ бағдарлама шартына ішінара өзгеріс енгізу қажет. Құрылыс компаниясы өкілінің ойынша бастапқы жарнаны 20 пайызбен шектемеген жөн.  

Тимур БЕЙМҰРАТОВ, «ЮГСТРОЙИНВЕСТ» ЖШС ҚАРЖЫЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

30-40 проценттен қазір төлей алатын адам бар ғой. Оларға бұл программаға кіргізсе, оларға да жақсы болады да. –Несімен жақсы? -Ертең төлейтін ақша азырақ болады ғой, банкке төлейтін уже доходность остается болды да, бізге де жақсы, халыққа да жақсы, банкке де жақсы болады.

Бағдарламаның орындалуы бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Өтінім бергендер саны – 1 040 адам. Астанада – 840, Маңғыстау облысында 264 өтінім келіп түскен. Ақтөбе облысында -172, Шығыс Қазақстан облысында -176.

Айта кетейік, Шымкентте баспана бағасының шекті мөлшері 15 млн-нан 25 млн теңгеге ұлғайтылды. Бұл әсіресе көпбалалы отбасылардың қызығушылығын арттырады деген сенім бар. Бірақ бағдарламаға әлі де толықтырулар қажет сияқты.  

Нұрлан ДОСЫМБЕКОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІ САТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:      Вторичный рынок дейміз, сосын жеке үйлер дейміз жерімен бірге, соған егер өзгерістер болса тіпті адамдарға да жақсы болатын еді, оңайлау болатын еді және спрос та көбейетін еді. Жаңа жилой комплекстен көбісі ала алмайтын себебі бағасы қымбаттау болады.   

Жәнібек НҰРЫШ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Мен үшін тиімді егер бірінші - екінші нарық деп бөлмесе. Одан кейін акиматтан берілетін 10 пайыз субсидияны бірінші екінші нарыққа деп бөлмей, екі нарыққа да оны бере беретін болса, сондай жағдайда мен екінші нарықтан үй қарайтын едім.  

Жалпы, бағдарлама іске асқалы елімізде 3 089 адам өтініш түскен. Соның 1 255-і бүгінде пәтер кілтін алып үлгерген. Бұл аз ба, көп пе?! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі жолдауында бағдарламаның орындалуын сынға алғанына қарағанда істейтін тірлік көп сияқты.  

Айзада Төребекқызы «Біздің уақыт»