Қостанайда нан ішінен шыққан жаңқаны жұтқан жасөспірім оқиғасы сотқа жетті. 14 жасар қыздың тамағына инедей қадалған өткір ағашты дәрігерлер отамен әрің алып шыққан. Енді ата-анасы наубайхана иесінен 300 мың теңге талап етіп отыр. Ал, судья қос тарапты бітімгерлікке шақырып, нанның дауын өзара келісіп шешуді ұсынды. Наубайхана өкілі тағылған айыппен келіспеді. Тіпті, бейнетүсірілімге қарсылық білдірді. Жаңқа жұтып, жапа шеккен Алина Масальская сотқа ата-анасымен келді. Отадан кейін 10 күн бойы емделген оқушының қазір денсаулығы тәуір. Сот отырысы жұма күні жалғасады.
Алина МАСАЛЬСКАЯ,ЗАРДАП ШЕГУШІ:
Бір тілім нанды жеген соң, кеңірдегіме бірдеңе тұрып қалғандай болды. Біраздан соң тамағымның ауырғаны күшейіп,мойынымды бұра алмай қалдым. Анама хабарластым. Ас-су ішіп көр деп ақылын айтты. Бірақ, жұтқыншағымнан ас өтпей қойды. Бөтен зат нанның қабығында болды деп ойлаймын
Бақытжан ҚАЛДЫБАЕВ, ХИРУРГ:
Кеңірдекке қадалған қаданы эндоскопиялық жолмен алып шықтық. Арнайы құрал қолдандық. Металлдың сынығы немесе пластамасса емес. Қатты ағаштың жаңқасына ұқсайды.
З. Санай