Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Астанада тұңғыш рет студенттер арасында британдық форматта құқықтық жарыс өтті

Астанада тұңғыш рет студенттер арасында британдық форматта құқықтық жарыс өтті

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен мердігер компания арасында ақша дауы. Компания құрылысқа бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталып отыр. Осындай сценариймен Астанадағы жоғарғы оқу орындары арасында сот отырысы өтті. Қос тараптың мүддесін қорғаған болашақ заңгерлердің айтысы немен аяқталды? Ақерке Бектас тұңғыш рет британдық форматта құқықтық жарысты бақылады.  

Сотта Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттері талап-арыз беруші, ал Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты айыпталаушы тараптың мүддесін қорғады. Дау тартысты өтті. Студенттер құқықтық біліктіліктері ғана емес, ағылшын тілінде ойларын жеткізу шеберлігін де көрсетуі керек болды.  

Ару БОТАҚАНОВА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:  

Бүгінгі жарыс біз үшін өте маңызды. Себебі, ол біздің теориялық білімімізді практикада іске асыруға көмектеседі. Және осындай жарыстар біздің білімімізді жақсылап тұрып еске сақтауға мүмкіндік береді.

Дегенмен, қара қылды қақ жаратын судьялар айыпталушы тарапты ақтап шықты. Осылайша, Менеджмент, экономика және болжау институты бас жүлдені иеленді. Жеңіске жеткен студенттер «Астана» халықаралық қаржы орталығында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.  

Кристофер КЭМПБЕЛЛ-ХОЛТ, АХҚО МЕН ХАО СОТЫ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ ЖӘНЕ ТІРКЕУШІСІ: 

Біз осы арқылы АХҚО сотында сот процестерінің қалай өтетінін көрсеткіміз келді. Бүгін жарыста профессор-оқытушылар, студенттер көп мәлімет алды ойлаймын.

СЭР Робин ДЖЕЙКОБ, АХҚО СОТЫНЫҢ ТӨРЕШІСІ:  

Бұл жарыс студенттердің өздеріне деген сенімді арттырады. Яғни, олардың нағыз сот төрешілерінің алдында тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туып отыр. Мен де жас болдым және тәжірибелі судьялардың алдында сөз сөйлеудің қандай қиын екенін білемін.

Дауға «Астана» халықаралық қаржы орталығының 3 судьясы төрелік етті. Олардың тәжірибесі 90 жылдан асады. 

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ: 

Мұндай форматтағы сот процесі Батыс елдерінің студенттері үшін жақсы таныс. Ал, жарысқа алғаш рет қатысып отырған елордалық жастардың деңгейін АХҚО соты жоғары бағалады. Сәйкесінше, келер жылы құқықтық сайыстың ауқымын кеңейтіп, шетелдік заң мектептерінің мамандарын шақырмақ.

А. Бектас