Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Атырауда ұлттық ойын түрлерінен халықаралық турнир өтті

AstanaTV
19.10.2018ж. 20:00
3499
Атырауда ұлттық ойын түрлерінен халықаралық турнир өтті

«Жайық жағасында-Каспий кубогі». Атырауда осындай атаумен ұлттық ойын түрлерінен халықаралық турнир өтті. Спорттық мереке Астананың 20 жылдығына арналды. Ұлттық спорттың 10 түрінен сайысқа түскен дарабоздарға тігілген жалпы жүлде қоры-43 миллион теңге. Дүбірлі додаға тілшіміз де куә болды.  

Ақшаңқан киіз үйлер мен буы бұрқыраған қазандар. Анадайда кең даланы ала шаңға бөгіп желдей ескен жүйріктер мен делебесі қозып, қиқулаған халық. Екі күннен бері атыраулықтар мен қала қонақтары бейне ертегі еліне тап болғандай әсерде. Ұлттық ойын түрлерінен өтіп жатқан халықаралық турнирдің де мақсаты-осы. Бұқараға ұлттық спортты насихаттау. 

Нұрлан НОҒАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Қандай іс атқарылу керек барлығын Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтып берді. Бүгінге дейін қазіргі таңда әртүрлі себептермен аты аталмай жатқан арыстарымызды әрқашан есте сақтай жүріп, солардың атқарған істерін өскелең ұрпаққа жеткізіп, солардың бойына осындай қасиет тәрбиелеу керек.

Шараға арнайы келген ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалды алдымен түрлі спорттық жарыстарда топ жарған спортшыларға ақшалай сыйлық табыс етті. Іле-шала спорттың он түрінен жарыс басталды. Аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және ұшқыр бәйге, жорға жарысы, құмай тазы жарыстары көпшіліктің көңілінен шықты.  

Бекболат ТІЛЕУХАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Кейінгі кезде ұлттық спорттың батыс өңірде дамуы да қарқын алып келе жатыр. Көкпар клубтары сондай-ақ, Маңғыстауда болсын, Атырауда болсын, ұлттық спортты қолға алған керемет интузиазист азаматтардың арқасында үлттық спорт жаңа бір деңгейге көтерілгеніне бәріміз куә болып отырмыз.

Нұрдәулет АҚНАЗАРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қазақтың ескі, баяғы ұлттық өзіміздің дәстүрлі спорт ойындарымыз ғой ертедегі. Өте жақсы өтіп жатыр. Жастарды осыған баулысы, тәрбиелесе біздің мәртебеміздің өсуіне үлкен әсер етеді деп ойлаймыз.

Ашық турнирге елімізден өзге Ауғанстан, Маңғолия, Ресей мен Грузиядан споршылар қатысты. Биыл көкпар командалық түрде өтті. Әрі ең көп салым салған шабандозға «Алтын қамшы» берілді.   

Б. Нәдірқызы