$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Тығылысқан парталар». Үш ауысымдық мектептер жайы

AstanaTV
20.10.2018ж. 20:00
4180
«Тығылысқан парталар». Үш ауысымдық мектептер жайы

«Сығылысқан керуеттер» деп өткен бағдарламада мүлдем жағдай жоқ онко-орталықтар бар екенін айтып едік, бүгін үш ауысымдық мектептерге тоқталамыз. «Тығылысқан парталар» дейміз бе?.. Президент Жолдауын жариялаған кезде: «Бұл масқара жағдайға қалай жеттік?» - деген. Бюджетті жоспарлаған кезде халық тығыз орналасқан жерлерге әлеуметтік нысандар үшін көбірек ақша бөлу көп ақылды қажет етпейді деп ойлаймыз ғой. Олай емес екен. 100 күнге созылатын жиналыстарда сонда не талқыланады? Айзада Төребекқызының материалы.   

Қазір балалар, мен сендерге келесі жаттығу бойынша сұрақ қоямын. Сендер нақты жауап беруге тырысыңдар, иә?

Айгүл Құдайберген Шымкенттегі № 23 мектеп-лицейінің мұғалімі. 2 «Ә» сыныбына жетекшілік етеді. Қарамағында 38 бала бар. 20 жылдық еңбек өтілі бар ұстазға осынша баланы игеру анау айтқан қиын емес көрінеді. Тек айналдырған қырық минутта осынша балаға түсіндіріп үлгеру үшін біраз күшін сарп ететінін жасырмайды.  

Айгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН, З.КОСМОДЕМЬЯНСКАЯ АТЫНДАҒЫ №23 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Баланың көп болуы дәптер тексеру жағынан қиын болып жатады. Бірақ ретін тауып, балалардың керемет нәтижесін көрген кезде барлығы да ұмыт қалады. 

Мектептегі басты қиындық - кабинеттің аздығы. 1300 орындық лицейде 4 686 оқушы бар. Бұл тіпті былтырғыдан 286 балаға артық. Директордың айтуынша шәкірттерінің жартысына жуығы қаланың өзге аумақтарынан келіп оқиды. Көктемде 176 бала бітірген. Орнына 544 оқушы мектеп табылдырығын аттапты. Себебі бұл мектеп білім сапасы жағынан қаладағы рейтингі жоғары санаулы мектептің қатарына кіреді. Сондықтан болар тіпті осы мектеп орналасқан мөлтек ауданға арнайы көшіп келіп жатқандар бар екен. Бұдан мұғалімнің жүктемесі артатыны түсінікті. Оқушы көптігінен спорт залда екі сынып қабат шынығады.      

Гүлнұр ОРАЗБЕКОВА, З.КОСМОДЕМЬЯНСКАЯ АТЫНДАҒЫ № 23 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ МҰҒАЛІМІ:  

Ең негізгі қиындық кабинет тапшылығы және оқу ісінің меңгерушілері сабақ кестесін ыңғайлы құру да қиындық туындайды. Ата-ананың қалауы № 23 мектеп. Енді нәтижелі мектеп болғаннан кейін де таңдап келетін болар. Сол кісілердің үмітін ақтауға тырысамыз.    

Бала санының артуына тағы бір себеп мекен-жай анықтамасының талап етілмеуі, деді директор. Есесіне, 12 сыныптың оқушыларын көрші мектепте оқытып жатыр. Тығырықтан шығу үшін аса зәрулігі жоқ қойма, зертхана секілді бөлмелерді сыныпқа ыңғайластырып амалдауда. Директор жуырда мектеп жанынан спорт залы мен шеберханасы бар 300 орындық ғимараттың құрылысы басталатын қуанышымен де бөлісті.  

Жанар ТОЙЛЫБАЕВА, З.КОСМОДЕМЬЯНСКАЯ АТЫНДАҒЫ № 23 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бес күндік оқуға сыйғыза алмаймыз, сол қиындық. Мысалы, қазір бес күндік оқуға мүмкіндігі бар мектептер өтіп жатыр ғой, ал біздің мектепте кабинет тапшылығы болғандықтан алтыншы күні де оқытып жатырмыз.

Шымкенттегі 131 мектептің 19-ы үш ауысымда бала оқытады. Жұрттың көңілінен шыққан № 9 лицей де осы қиындықты бастан өткеріп отыр. 3 552 оқушы бар. Өткен жылдары жақын маңдағы мектептің бөлмелерін жалға алып келген екен. Бірақ биылғы оқу жылында ол мектептің өзінде бала саны артқандықтан өздерінде сыйысуға мәжбүр.

Гүлшат ОРАЗБЕКОВА, Ө. ЖОЛДАСБЕКОВ АТЫНДАҒЫ № 9 ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Мектеп бізде тола. Сондықтан кластар орта есеппен алғанда 37-38 баладан оқып жатыр. Енді проблема бар, подсменкада үш сыныбымыз оқып жатыр, 98 бала подсменкада оқып жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мектепте оқушылар сыймағандықтан қосымша ғимараттар да жалға алынуда. Соның бірі № 1 Александр Сергеевич Пушкин атындағы мектеп-гимназия. Жақын маңдағы екі бірдей колледжге балаларын бөлуге мәжбүр. Оның бірі 500 метр жерде орналасса, екіншісі тура жолдың қарсы бетіндегі нысан. Айта кетейін, биылғы оқу жылында гимназияда 16 бірінші сынып ашылды, соның тоғызы осы № 6 колледжге сыйысып отыр.

№ 1 мектеп-гимназия есігін биыл жаңадан 591 бала ашқан. Бұл былтырғыдан 67 балаға көп. Он алты 1-сыныптың 10-ы орыс, алтауы қазақ кластары. Бір сыныпта орта есеппен 42 оқушыдан отыр. Кейбірінде тіпті бала саны елуге жете-қабыл.

Дамира МАНКЕЕВА, А.С.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір сыныптың өзінде 50-52 оқушыдан да болатын кездер болады. Қанша бөлсек те 47-48 оқушыдан. Себебі орыс сыныптарында бізде мұғалім тапшы, жетіспейді. Сондықтан бізде барлық орыс сыныбында жұмыс істейтін мұғалімдердің барлығында екі сыныптан. Бірақ тәрбие үдерісі жақсы өтіп жатыр. Мұғалім барынша тырысады, үлгереді.

Қосымша ғимараттың өзі үш ауысым мәселесін шеше алар емес. Таңғы сегізден кешкі жетіге дейін сабақ үзілмейді.

Дамира МАНКЕЕВА, А.С.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

25 класымыз 1-сыныптан бөлек үш ауысымда оқып жатыр. Яғни 11:50-ден басталатыны бар бірінші ауысымдық және 15:40-тан келесі үшінші ауысымдық оқуда оқып келе жатқан сыныптар бар. Егер үш ауысымды есептейтін болсақ, соңғы сабақ сағат 19:20 –да аяқталады.

Ұстаздар бала саны артуының бір себебін бұл төңіректе орыс сыныптарының жоқтығымен байланыстырады. Оған қоса мектеп таңдау еркіндігі әсер еткен сыңайлы. Бір қызығы балалардың бұл күйі ата-аналарды аса алаңдатпайтын секілді. Мұнда әр үйден кемінде 3 баладан келеді.

Мубарак ИСАБАЕВА, АТА-АНА:

Алаш базар жақта тұрамыз. Сол жақтан баламызды оқытамыз осы мектепке келіп. Мектеп білімі күшті. Ұстаздардың балаға вниманиесі де жақсы, өте қабілетті. Соған баламызды осы мектепке оқытамыз.

Үш ауысымды мектептер мәселесін Президент қазан айының басындағы жолдауында тағы көтергені белгілі.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Решить эти позорные трехсменные, в конце концов. Ну, ты себе представь: в 8 часов ребенок приходит. Он, по крайней мере, до двух учится. Через час, три заходит еще один. Он учится до семи, а потом с 7 до полночи учится третья смена. Как это мы себе можем позволить?! На 28 школ выделили деньги, там, где они не нужны. Там малокомплектные школы. Вы знаете, что по Казахстану 1300 школ, потому что население уехало с этих мест?! Надо же смотреть, где строить. Там, где не перспективно, там, где завтра уедут - зачем там строить школы и больницы? Лучше помочь людям переехать, с жильем помочь им сюда.

Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептерде қиналып отырған әсіресе бастауыш сыныптың оқушылары. Былтыр 21 мың бала мектеп табалдырығын аттаса, биыл 24 мың 14 бала келіпті. Білім басқармасындағылар мұны демографиялық дүмпумен байланыстырып отыр. Алайда халық санының өсуіне билік дайын емес болып шықты. Атқамінерлер шаһар тұрғындарының саны миллионға кетіп бара жатқанын білмеді емес, білді. Бірақ соған сәйкес әрекет жасамаған. Әлде қарапайым арифметикаға шорқақ па екен? Ұстаз Өмір Шыныбекұлы де мұны қарапайым есептің жоқтығынан көреді. Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың деректерін көлденең тартқан педагог статистиканы былай қойғанда қарапайым жоспарлаудың дұрыс жасалмайтынын айтты.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ПЕДАГОГ:

Біздің қазақтың алпысыншы жылдардан бастап қарны тойып тамақ жей бастады. Сол кезден бастап демографиялық өсім пайда болды. Кейін 1960 жылғы балалар 1986-1987 жылдары «өнім» берді де, статистиканы қарасаңыз, ең көп бала өмірге келген сол жылдар. Ал енді былтыр Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласын қосқанда 73 мың бала мектепке барды. Биыл екеуін қосқанда 80 мыңдай бала барды. Сол 1986 -1987 жылы Мақаш атамыз көрсетіп кеткен балалар «өнім» беріп жатыр. Міне, соған қарап-ақ биыл қанша туды, үш жылдан кейін қанша балабақша керек, жеті жылдан кейін қанша мектеп керек, бәрін есептеуге болады. Бұл жерде есептің жоқтығы, сөздің ашығы, басқа бас қатыратын ештеме жоқ, қарапайым арифметика.

Мәселенің алдағы бірер жылда шешілуі екіталай. Білім басқармасының дерегінше қазір бар болғаны бес мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Ерлан ПІРІМҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу жолында бес мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар Шаңырақ, Қызылжар, Тұран, АДЦ, 115 мектептердің жанынан қосымша құрылыс, жаңа құрылыстар жүргізілуде. Сонымен қатар келесі жылы 4 мектептің құрылысын салу жоспарлануда.

Жаңа оқу жылында берілген төрт мектеп аталған проблеманы шеше алған жоқ. Үш ауысымда оқытатын бір мектептің ғана жүктемесін азайтқан. Мақаш Тәтімов сияқты есеп шығаратын мықты бір демограф керек болып тұр. Онда да тыңдаса. Әйтпесе жетесіне жеткізіп талай нәрсе айтылып жатса да, "естімейтіндер" көп...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас "Біздің уақыт"