Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Түркістан облысында шенеунікті атып кеткендер қамалды

AstanaTV
24.10.2018ж. 20:00
6483
Түркістан облысында шенеунікті атып кеткендер қамалды

Түркістан облысында аудан әкімінің орынбасары оққа ұшты. Рәбиға Бейсебаваның өміріне қастандық жасаған екі күдікті қамауға алынды. Қылмыскерлер 53 жастағы мемлекеттік қызметкерді басынан көздесе керек. Оқ тура төбесін жаншып өткен. Оқиға орнына барып қайтқан әріптесім Айзада Төребекқызы мән-жайды анықтауға тырысты.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Момынай ауылындағы оқыс оқиға кеше түскі мезгілде болған. Аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаева үйіне түстенуге келген беті екен. Сыртқы қақпаны ашпақ болғаны сол, кенеттен оған бейтаныс бір жігіт келіп амандасыпты. Сәлемін алып бола кері бұрылғаны сол, кенеттен оның ту сыртынан бірнеше рет оқ атылған.

Оқ атылған сәтте шенеуніктің жанында жеке көлік жүргізушісі болыпты. Оқыс дыбысты көршілер де естіген. Тек, алғашында отшашу деп ойлап қалғандарын айтады. Отыз жылдан бері қоңсы отырған Қарашаш апаның айтуынша, үйілеріне жүргізушісі жігіт көмек сұрап жанұшыра жетіпті. Соның сөзінше, күдіктілер үшеу болған көрінеді. Көршілердің пайымынша, олар бұл төңіректі біраздан бақылап жүрсе керек. Тіпті, белгісіз тұлғалар кеше де келіп кетіпті. 

Қарашаш ОСПАНОВА, МОМЫНАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Ана жердегі көрші де айтып жатыр ғой ана жерде екі бала жүрді деп төрт бес күн бұрын, екі-үш күн бұрын... Кеше күйеуім жұмысқа кетіп бара жатыр еді КамАЗ-бен тоғызда шығарып салдым, сол кезде айтады біреуі мына жерге келіп дәрет сындырып кетті,-дейді. Сөйтіп ары барғанда тағы біреуі қарама қарсы келе жатыр екен,-деді

Шенеунік қазір қалалық ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның бас сүйегі аман екенін айтты. Жарақаты ауыр емес деп отыр.  

Жандар НЫШАНОВ, ЛЕҢГІР ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: 

Бас сүйектің төбесінде 1,5 см дей тері сәл сырылған. Қазір ол бақылауда жатыр. Екі-үш күн бақылауда болады. Мамандар көреді. Неврапотолог дәрігерлер көреді. Жақсы болса үйіне жіберіледі.

53 жастағы Рабиға Бейсебаеваның отбасы болған жайттың себебін түсіне алар емес. Оқыс жағдай болғанда үйде ешкім болмаған. Отағасы жұбайы денсаулығына байланысты үзілістен соң жұмысқа бір апта бұрын ғана кіріскенін айтады.    

Еркін БЕЙСЕБАЕВ, ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ ЖОЛДАСЫ: 

Біз біреумен ұрсып, таласқан ондай отбасы емеспіз. Жас балалар дейді ме? Шамада көршілердің айтуы жас жігіттер,-дейді. Кеше полицияға солай деп айтыпты ғой. 22-23 жастағы жастағы жігіттер. Былай қарай қашқан дейді екеуі. Біреуінің қолында пистолеті бар деп айтады.

Зардап шеккен Рабиға Бейсебаева соңғы бір жылдан бері Төлеби ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Оған дейін жеті жыл бойы экономика жөніндегі орынбасары қызметтін атқарған. Мемлекеттік қызметте жүргеніне тұп-тура 35 жыл. Кеше түске дейін жұмыста болғанын айтқан әріптестері де төбеден жай түскендей күй кешіпті.  

Есімхан ҚАДЫРБЕКОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Курировать ететін салалары білім, мәдениет, ішкі саясат және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласын курировать етеді. Мен екі жылдан бері қызметтеспін. Өзін өте іскер, ұқыпты және ауданға жаны ашитын азамат ретінде танытқан.

Полиция «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғапты.   

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ІІД РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Ізін суытпай, түнгі уақытта ішкі істер депаратментінің криманалдық полиция қызметкерлерімен екі күдікті Тараз қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта олар қамауға алынды.

Қылмыстың нақты себебі тергеу барысында анықталады. Күдіктілер жайында да ақпарат айтылмады. Айта кетейік, осы жағдайдан кейін Төлеби ауданыны әкімі аппаратындағылар қызметкерлерінің қауіпсіздігін ойластыру жағын назарда ұстайтынын айтып қалды. Тек оны қалай жүзеге асыратыны әзірге белгісіз.   

А. Төребекқызы