Ақтөбеде кәсіби тәрбиешілерге көмекшілер даярлай бастады. Қазір балабақшаларда тәрбиешілер мен бала күтушілер тапшы. Сондықтан, қалалық жұмыспен қамту орталығы биылдан бастап арнайы курс ашқан. Қазір онда 17 адам білім алып жатыр.
Гүлмереке Тағанақова кезінде электрик мамандығын оқыған. Бірақ, мамандығымен ешқашан жұмыс істемеген. Көп жылдар бойы үйде бала күтімімен айналысқан. Енді кәсіби тәрбиеші курсын бітіріп, жұмысқа орналасқысы келеді.
Гүлмереке ТАҒАНАҚОВА, КУРСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Өзім таңдап бала тәрбиешісі болғым келді. Баламен жұмыс жасағым келді. Сол няня курсына бала тәрбиешісі курсына жазылдым.
Бұл үш айлық арнайы курс балабақша тәрбиешілерінің қызметінің қыр-сырын үйретеді. Педагогикадан бастап, этика, бала психологиясы, ой-өрісті дамытуға арналған шығармашылық жұмыстар барлығы үйретіледі. Тіпті, қарапайым тазалық қағидаларына дейін үлкен мән беріледі. Ал, іс-тәжірибелік жұмыстарды олар балабақшаларда өтетін болады.
Қазір осы мамандыққа он жеті адам оқып жатыр. Оқу орталығы басшылығы барлығының жұмыспен қамтылатындығын айтып отыр.
Жайдармен КҮЗЕМБАЕВА, «ДАРЫН» ОҚУ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Үш айлық курсты бітіргеннен кейін емтихан ретінде біз тест сұрақтарын дайындап отырмыз. Сол сұрақтарды тапсыруына орай сертификаттар табысталады.
Бұл тәрбиешілердің арнайы курсы балабақшалардан сұраныстың көптігіне орай биыл ашылған. Бүгінде тәрбиешілердің бірінші легі он алты адам арнайы курсты бітіріп, жартысынан көбі жұмысқа тұрып үлгеріпті.
Гүлшат ҚАҢТАРБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Сол оқу орталықтары ықпал жасайды. Мекемелерге жұмысқа тұрғызуға тырысады. Егер де өзіне қарасты мекемеге жұмысқа тұрғызбаған жағдайда бізге орталыққа келіп, біз әрі қарата ықпал жасаймыз.
Ақтөбеде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жиырма мамандық бойынша кадрлар дайындалады. Биыл бұл курстарды 907 адам бітіріп шыққан.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Биылдан бастап курсқа қатысушылар өз кәсібін бастауға мемлекеттен грант ала алады. Ол үшін арнайы курсты бітіргені туралы сертификат пен бизнес-жоспар болса болғаны. Сонда болашақ кәсіпкерге 240 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі.
Б. Рахметова