Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алматы облысындағы ірі жол апатынан 8 адам ауруханаға түсті

AstanaTV
29.10.2018ж. 20:00
2879
Алматы облысындағы ірі жол апатынан 8 адам ауруханаға түсті

Ал, Алматы облысында ірі жол апаты. Автобустар соқтығысып, 22 адам жарақат алған. Дәрігерлер екі адамның өмірі қыл үстінде тұрғанын айтады. Зардап шеккен қала маңына қатынап жүрген шағын автобус жолаушылары. Ал, үлкен автобуста кісі болмаған. Олжас Нұржақып мән-жайды білді.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Ірі жол апаты кеше күндізгі уақытта болған. Алматыдағы «Алтын Орда» базарынан жолаушылар отырғызып, «Үшқоңыр» автобекетін бетке алған шағын «Мерседес» маркалы автобус тура «Алматы-Бішкек» тас жолында үлкен автобуспен соқтығысқан.

Жарақат алғандар жерде жатқан мына кадрлар әлеуметтік желіде тараған. Қарасай аудандық орталық ауруханасының 6 жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен. Дереу алғашқы көмек көрсетіліп, 22 жолаушы ауруханаға жеткізіліпті. Олардың 8-і аурухана төсегіне танылған. Екеуі жансақтау бөлімінде.   

Алтай ДОСТИЯРОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ЖАРАҚАТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Жансақтау бөліміне әйел кісі 60-шы жылы туылған. Ол кісінің екі аяғының сан сүйегі сынған және білек сүйектері сынған. Бас ми жарақаты бар. Екінші ауру оның басына зақым келген.

Жол апатынан зардап шеккен жолаушылардың бірі шағын автобуста адам толы болғанын айтты. Тіпті орын жоқтықтан түрегеп тұрғандар болды дейді. Апат аяқ астынан болғандықтан ненің қалай болғанын түсінбей қалдық деп отыр. Облыстық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Әзірге нақты қай көліктің жүргізушісі кінәлі екендігі белгісіз деді.  

Көбейхан НҰРАХМЕТ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Қылмыстық кодекстің 345 бабына сай қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аудандық полиция қызметі аталған істі тергеуге алды. Осы жұмыстар нәтижесіне байланысты кімнің кінәлі екендігі белгілі болады және міндетті түрде жаза кесіледі. Сараптама қорытындысы қашан аяқталатынын нақты айта алмаймын.

Ал, Үшқоңыр автобекеті әкімшілігі жол апатына ұшыраған қос автобустың тек біреуі ғана өздеріне тиесілі екендігін айтады. Яғни, «Алматы-Нүкіс» бағытында қатынайтын жолаушылар көлігі сол сәтте ғана техникалық жөндеуден шыққан. Оның ішінде көлік жүргізушісінен басқа адам болмады,-дейді.  

Медет ТАУХАН, «ҮШҚОҢЫР» АВТОБЕКЕТІНІҢ ЗАҢГЕРІ: 

Ремонттан қайтып келе жатқанда пригородный маршрут, спринтер сол соған соғылып қалған. Автобустың жүргізушісі ондай бір бірдеңе болды деп естіген жоқпын. Оның ішінде адам да болған жоқ. Егер, оның кінәсі анықталған болатын болса, міндетті түрде компанияға да, жүргізушіге де қандай да бір шаралар қолданамыз.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Сондай-ақ, автобекеттегілер кінә өз автобустары тарапынан болса, шығын көлемін өтеуге дайын екендерін жеткізді. Апатқа кімнің кінәлі екендігі тергеу жұмыстары аяқталғанда анық болмақ.

О. Нұржақып