Бас қаланың жастарын бизнес бағытында қолдау үшін «Jastar jalyny» форумы өтті. Астана әкімдігінің мұрындық болуымен өткізіліп отырған алаңда кәсіби жолында қиындықтарға мойымай, үлкен жетістіктерге жеткен танымал тұлғалар өз тәжірибелерімен бөлісті. Айтулы форумның мақсаты-жастарды жетістіктерге жетелеу. Тәжірибе алмасып, болашақ серіктестерімен іскерлік келіссөздерді жүргізуге мүмкіндік туғызу. Жиынға елге танымал өз ісінің мамандары: тележүргізуші Динара Сәтжан, «2Gis Астана» жобасының негізін қалаушы Андрей Судаков, паралимпиада спортшысы Серік Есматов, сондай-ақ, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары шақырылды. Айта кетейік, бұл форум елордада осымен 8-ші рет өткізіліп отыр.
Ермек АМАНШАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Елбасы өзінің жаңа Жолдауында келесі жылды жастар жылы деп жариялаған болатын. Сондықтан, осы залда отырған баршаңызды жастар қауымын, жастар жылын өте мағыналы сапалы және тамаша өткізуге ат салысуларыңызға шақырамын.
Биылғы форумға астаналық 200-ден астам студент ат салысты. Шара жұмысы барысында олар арнайы шақырылған қонақтармен бейресми түрде сөйлесуге мүмкіндік алды. Өз саласының майталмандарымен пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды.
Алпамыс ШАРИМОВ, МЕДИА-МЕНЕДЖЕР:
«Жастар жалыны» бұл үлкен алаң. Кез келген жастар үшін үлкен мотивация. Үлкен тәжірибе аламастын үлкен жетістікке жеткен немесе белгілі бір кезеңдерді бағындырып, өзінің алдынан өткізе білген адамдардың оқиғаларын, олардың басынан өткен әртүрлі жұмыстарын саралап отырып, бүгін кез келген астаналық жастар спикерлерден түрлі қажетті дүниені ала алады деп ойлаймын.
Д. Сапарқызы