Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

БЗЖҚ жалған ақпарат таратқандар туралы полицияға арыз жазады

AstanaTV
31.10.2018ж. 20:00
3183
БЗЖҚ жалған ақпарат таратқандар туралы полицияға арыз жазады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бір реттік кепілдендірілген зейнетақы төлемдерін үлестіріп жатыр. Осындай жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылмақ. Дәйексіз ақпарат қоғамды дүрліктіріп, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен зейнетақы қорының жұмысына айтарлықтай кедергі келтірген. Бұл туралы бүгін қор жетекшілері мәлімдеді.  

Сәуле ЕГЕУБАЕВА, БЗЖҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Халыққа қызмет көрсету орталықтары кепілдендірілген зейнетақы төлемдері бойынша ағылған сауалдарға тұрғындарға толық ақпарат беруге шамалары жетпеді. Біз кейбір аймақтарға амалсыздан адамдар бөліп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болдық. Мұны арандатушылық деп бағалаймыз. Хабарлама шығысымен, оның жалған екенін айттық. Бірақ бұл мәселемен енді тәртіп сақшылары айналысуы тиіс.   

Бүгін БЖЗҚ мамандары жақында қаржы сарапшысы жариялаған пікірді де жоққа шығарды. Экономистердің бірі зейнетақы қорында алдағы бес жылға жететін ғана қаражат қалды деп мәлімдеген болатын. Қор өкілдері әрбір қазақстандықтың есепшоты мемлекеттік кепілдендіру қоры арқылы қорғалатынын және ондағы жинақтар сенімді инвестициялық жобаларға ғана салынатынын айтып отыр. Биылғы 9 айда қазақстандықтардың қордағы жинақтары триллион теңгеден асқан. Жыл басынан бері 131 млрд. теңге зейнеткерлерге төленіпті. Оның тең жартысы жасы жетіп, зейнеттік демалысқа шыққандарға берілген. Ал, 24 млрд теңгені шетелге қоныс аударған азаматтар қайтарып алған. Бүгінде орташа зейнетақы 20 мың теңге. Ал, ең төменгі зейнетақы 15 мың теңге. Қор мәліметінше, елде 300 мың теңгеден жоғары алатын зейнеткерлердің де саны аз емес.  

Р. Асқарбекұлы