Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстанда әлеуметшіл кәсіпкерлер заң қорғауына алынуы мүмкін

AstanaTV
06.11.2018ж. 20:00
2450
Қазақстанда әлеуметшіл кәсіпкерлер заң қорғауына алынуы мүмкін

Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер заң қорғауына алынуы мүмкін. Бұл туралы Астанада «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы ұйымдастырған арнайы Форумда айтылды. Бүгінде Астана қаласының өзінде осындай елуге тарта кәсіпкер бар. Олар жүздеген жетім мен мүгедектің жұмысқа орналасуына көмектесіп келеді. Бірақ мұндай қамқор компаниялардың қатары күллі ел көлемінде көп болуы үшін жиынға қатысушылар әлеуметшіл бизнесмендерді қолдау керектігін ұсынды.  

Астанадағы әлеуметтік кәсіпорындар бүгінгі көрмеге түрлі киім-кешек пен әшекей бұйымдарын, сөмкелер мен шамдарды, азық-түлік өнімдерін ұсынды. Мұнда қойылған әрбір тауар мүгедектер мен жетім балалар немесе түрмеден шыққан азаматтардың қолынан шыққан. Бүгінгі көрмеге Астанадағы жиырма мекеме қатысқанымен, қалада осындай елу шақты компания бар екен.

Раушан БЕКТҰРСЫНОВА, АСТАНА қ. МЕНЕДЖМЕНТ ЖӘНЕ БИЗНЕС КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Біз қайырымдылық жәрмеңкелеріне ұдайы қатысып, осындай бұйымдарды сатуға қолғабыс етіп келеміз. Мұның көмегі орасан. Өйткені, студенттер бар өнерін салады. Түрлі қалалық шараларға қатысады. Осылайша арада тығыз байланыс орнайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері осындай кәсіпкерлерге арналған он шақты шағын несиелеу бағдарламасы бар екендігін айтып, қайтарымсыз гранттар берілетінін жеткізді. Бұдан бөлек еліміздегі мүгедектерге арнап, 800-ге тарта жұмыс орнын субсидиялау үшін жүздеген миллион теңге бөлінген. Бірақ форумға қатысушылар мұның аздық ететінін айтады. Өйткені, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі болса да, еңбекке жарамды жандар 400 мыңға жуықтайды. Өкінішке қарай, олардың 30% ғана жұмысы бар. Ал, әлеуметтік кәсіпорындар олардың бәрін бірдей қамти алмайды. 

Эмин АСКИРОВ, АСТАНА қ. ӘЛЕУМЕТШІЛ КӘСІПКЕРЛЕР ФОРУМЫН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: 

Бұл ретте ең алдымен қаржыландыру ісі мен қолдаудың жоқтығын, салық мәселелерін айтуға болады. Бұл іс әлеуметтік бағыттағы жобаларды дамытуға мүмкіндік берер еді. Сондықтан, бұл Форумда біз өзімізді көрсеткіміз келді. Содан кейін мемлекетпен серіктестік орнату мәселелерін айтуға болады.

«Нұр Отан» жанындағы кәсіпкерлікті қолдау Кеңесі бизнесмендерге кеңес беріп, қаржылай да көмек көрсетеді. Алайда, жұмысқа орналастыру мәселесін түбегейлі шешу үшін әлеуметтік бизнесті қолдау заңдық тұрғыдан көрініс табуы керек, дейді жиынға қатысушылар. 

Владислав СЕРГЕЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын заңды тұрғыдан бекітер уақыт әлдеқашан жетті. Сонда ғана әлеуметшіл кәсіпкердің қандай екендігін көрсетіп, үлгі қылуға болар еді. Яғни, оған қандай көмек көрсетілетіні, салықтық және өзге де жеңілдіктер жайы нақтылануы тиіс.

Бұл бастамасын Мәжіліс депутаттары мен Министрлік өкілдері құптап отыр. Жиынға қатысушылар заңды дайындау барысында халықаралық тәжірибеге жүгіну керегін айтады. 

У. Қабылтайұлы