Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбеде жолаушылары жанып кеткен автобустың жүргізушілеріне үкім шықты

AstanaTV
09.11.2018ж. 20:00
2331
Ақтөбеде жолаушылары жанып кеткен автобустың жүргізушілеріне үкім шықты

Ақтөбеде 52 адам жанып кеткен автобус жүргізушілері 5 жылға сотталды. Сондай-ақ, 7 жылға дейін көлік жүргізу құқынан айырылды. Сот барысында қайғылы оқиғаға қатысты біраз деректің беті ашылды. Адам толы автобустың өртеніп кетуіне жолаушылар арасында шыққан жанжал түрткі болған. Екі жақ та сот үкімімен келіспейді. Тараптардың уәжін Бахыт Рахметова тыңдап қайтты.  

52 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі төрт айға созылды. Айыпталушылар қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылды.  

Серік МАХАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ЫРҒЫЗ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:  

Қырғызбаев Нұржан Әбдікаримовичті ҚР ҚК 292 бабы 3 бөлігімен ҚР ҚК 345 бабы 4 бөлімімен кінәлі деп танылып, оған ҚК 292 бабы 3 бөлімімен 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ҚК 345 бабы 4 бөлігімен жолаушылар тасымалдау саласында қызметпен айналысу және көлік басқару құқынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Өртенген автобусты жүргізген Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов та 5 жылға сотталып, 7 жылға көлік жүргізу құқынан айырылды. Ал, «Азия транзит сервис» мекемесінің құрылтайшысы мен механигі үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Барлығы да жазасын қоныс колониясында өтейді.  

Мақсат ПЕРНЕБЕКОВ, СОТТАЛУШЫ: 

Үкіммен келіспеймін. Ахрор Исаков өртті шығарған. Кінәлі Ахрор Исаков отты теуіп жіберген сол. Өртті сол шығарып отыр. Біз не үшін үкіммен келісеміз? Біз кінәсіз қамалып, кетіп бара жатырмыз. Бала-шағаны кім асырайды?

Сотта белгілі болғандай автобус жанармайы қатып, жолда тоқтаған. Жаураған жолаушылар іште ашық от жағып жылынады. Сотта автобуста жолаушылар арасында кикілжің туып, бірі шамды теуіп жібереді. Өрт содан басталғаны айтылған. Сараптама жолаушылардың улы газға тұншығып, автобус өртке оранған сәтте салоннан шығып үлгермей қалды деген. Зардап шеккендер сотты видеобайланыс арқылы бақылады. Үкімді естіп, олар да шулап қоя берді. Жаза тым жеңіл деп ойласа керек. Зар жылап жатыр. Бүгін сотталғандар қаза болған өзбек азаматтарының отбасыларына 2 миллион теңгеден моралдық өтемақы төлейтін болады.   

Айнұр ТАҢАТОВА, БАРАТ ТАҢАТОВТЫҢ ЖАРЫ:  

Күйеуімнің тапқан табысы бала-шағама жетпейді. Өзбектерге төлемек түгілі. Әділ сот болса деген едік. Ең болмаса апелляциямен шығады ма деген едік. Оларда болған жоқ. Қайтіп бағамын жеті бала-шағамды. Кәмелетке болмаған бес балам бар.

-Сіз бүгін босап шығады деп ойлаңыз ба?

-Иә, мен апелляцияға шығады жеңілдікпен деп ойладым.

Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға 18 қаңтарда «Самара-Шымкент» тас жолындағы Ырғыз ауданында болған. Ресейге бағыт алған рейстік автобус өртеніп, 52 адам тірідей жанып кеткен еді. Себебі, жанармай қатып, автобус тоқтап қалған. Өрттен тек үш жүргізуші мен екі өзбек азаматы аман қалған болатын.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:  

«Қаралы автобус» иесі оқиға болған бетте қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Қылмыстық іс материалдары қашқын ұсталғанша сақталатын болады. Ал, бүгін шыққан үкіммен екі тарап та келіспей отыр. Олар апелляцияға жүгінетіндерін айтты.

Б. Рахметова