Ақтауда бақилық болған 3 жасар баланың ата-анасы дер кезінде дәрігерлердің көмегіне жүгінгенде, аман алып қалуға болар еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары осылай деп отыр. Ауруханаға түскен екі ересек адам мен 4 бала сол күні кептірілген шұжық жеген. Бүлдіршіндердің анасы оның бұзылғанын біле тұра, макаронмен қуырғанын айтқан. Тамақты жей салысымен 3 жасар баласының жүрегі айнып, лоқси бастаған. Анасы марганец ерітіндісімен бүлдіршіннің асқазанын өзі шаяды. Кейін қалған 3 баласы да ауырады. Әйел сол кезде ғана жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер отбасы мүшелеріне «Астан уланған» деген диагноз қойды. Алайда, кішкентай бүлдіршінді құтқара алмады. Ал, басқа балалардың жағдайы жақсарған. Олар кешікпей ауруханадан шығарылмақ.
Азамат СӘРСЕНБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ауру қуырылған шұжық қосылған макаронға тікелей байланысты болып отыр. Шұжық бұзылған. Дер кезінде дәрігерлердің көмегін алмағандықтан баланы құтқара алмады.
Отбасын тамақтандырған шұжық тоңазтқышта 5 ай жатып қалған. Аймақтағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы осындай ақпаратпен бөлісті. Қазір мамандар шұжықтан сынама алған. Алайда, дүкендерді жаппай тексеру болмайтынын айтты. Өнімнің қай дүкенге, қай мекемеге тиесілі екені белгісіз.
А. Қуаш