Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қостанайлық кәсіпкерлер вагон тапшылығынан астық экспорттай алмай отыр

AstanaTV
15.11.2018ж. 20:00
2566
Қостанайлық кәсіпкерлер вагон тапшылығынан астық экспорттай алмай отыр

Транспорттық түйткіл. Тобыл өңіріндегі кәсіпорындар мен трейдерлер вагон тапшылығынан астық пен ұнды толық көлемде экспорттай алмай отыр. Өнімді сыртқа тасымалдау мәселесі қазан айында туындаған. Серіктестіктердің бірі Орта Азия елдері мен Қытайға 208 вагон астық жеткізуге келісім жасаған. Алайда, жартысынан астамын ғана жөнелтіпті. Аймақтағы диірмендердің жағдайы осындай. Олардың бірі 66 вагонға өтініш беріп, бар-жоғы жиырма сегізіне ұн тиеген. Кәсіпкерлер астық пен ұнды дер кезінде апармасақ, нарықтан айрылып қалуымыз мүмкін,-деп отыр.  

Сайлаубек ӘЛІШЕВ, КӘСІПКЕР: 

Қазан айында диірмен толық қуаттылығымен жұмыс істеген жоқ. Вагон болған жоқ. Қазір жағдай сәл дұрысталған секілді. Алдағы уақытта не боларын білмеймін.

Экспорт қарқынын қадағалау үшін аймақта арнайы штаб құрылған. Темір жол бекеттері мен отызға жуық элеватор демалыс күндері де жұмыс істеуге кіріскен. Бұл қызметі үшін қосымша ақша алмайды. Вагон тапшылығының басты себебі-шойын арбалардың уақытында кері қайтарылмай, қаңтарылып қалуында. Ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері тасымалдаушылар оны шешуді қарастырып жатқанын айтты. Өйткені, жыл соңына дейін Тобыл өңірінен 2 миллион тонна астық, 1 миллион тонна ұн экспортталуы тиіс.  

Нұрсұлтан ҚАБДЕЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

Бүгінгі күні облысымыздан 1 миллион 700 мың тонна астық экспортқа шығарылды. Соған қоса 740 мың тонна ұн шығарылды. Туындаған қиындықтарды осы вагон тасымалдауы бойынша, бүгінгі күнге сол сұрақтарды шешуге іс-шаралар қабылданып жатыр.

З. Санай