Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Астана әуежайы ұшып-қону алаңдарының бағасын 30 пайызға өсірген

Астана әуежайы ұшып-қону алаңдарының бағасын 30 пайызға өсірген

Жаңадан құрылатын бюджеттік авиакомпанияның билет құнын 50 пайызға дейін түсіру қазіргі жағдайда мүмкін емес. «Fly Arystan» лоукостерін құрушы «Эйр Астана» компаниясы осылай деп отыр. Бүгін біздің арнаға эксклюзивті сұқбат берген әуе компанияның қаржы вице-президенті билет құнынан жанармай мен әуежайдағы қызмет көрсету құнының қатты әсер ететінін айтты. Ұшақтардың ұшып-қонуын қамтамасыз ететін әуе айлақтары билет құнының 15 пайызына жуығын өз қызметі үшін алып отырады. Ал, Астанадағы әуежай биыл бұл бағаны 30 пайызға дейін шарықтатқан. Ендеше бюджеттік авиакомпания құру барысында билет құнының екі есеге дейін төмен болатыны күмәнді, дейді еліміздегі ең ірі әуе компаниясының менеджерлері.  

Ибрахим ЖАНЛЫЕЛ, «AIR ASTANA» АҚ ҚАРЖЫ ЖӨНІНДЕГІ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: 

Билет құнына әсер ететін негізгі факторлар: жанармай мен әуежайлар қызметі. Ішкі нарықта авиакеросиннің бағасын реттеу мүмкін емес екеніне көз жеткіздік. Ал, әуежайлардың жердегі қызметі үшін алатын құнын түсіруге болмай ма? Бізге осы түсініксіз. Биыл Астана халықаралық әуежайы бәрінен озып, бағаны 30 пайызға жеткізді. Ендеше жаңа бюджеттік авиакомпания да осы тәртіппен жұмыс істесе, билет бағасын қалай арзандатпақпыз.

Қазақстан Азаматтық авиация комитеті әуежайлар қызмет құнын 2 пайыз шегінде белгілеуі тиіс деп мәлімдегенмен, оған әуежайлар құлақ аса ма, белгісіз. Айта кетейік, қазір ішкі рейстерде қаларалық билет құны 32-34 мың теңге. Салалық министрлік 2018 жылы мамыр айында «Fly Arystan» лоукостері нарыққа енгенде, билет бағасы 16-18 мың теңгеден аспайды, деп болжаған еді.  

Р. Асқарбекұлы