Алматы және Алматы облысында екі бірдей электр станциясы іске қосылды. Бірі Күннен, бірі желден қуат алатын жаңа станциялар ай сайын 800-ге жуық тұрғын үй тұтынатын ток көзін өндіреді. Екі жобаны да Қытай Халық республикасы өз қаржысына салып, Қазақстанға сыйға тартты. Мұндай тартуға екі ел арасындағы ортақ келісім сеп болған. Бір жылға жуық құрылысы жүрген қос станциясының салтанатты ашылуына тілшіміз қатысып қайтты.
Күн электр станциясы Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аумағында орналасқан. Оның құрылысы өткен жылдың желтоқсанында басталған болатын. Қазір пайдалануға толық дайын. Бекітілмелі және реттелмелі металл конструкциясындағы 3608 фото электр модульдер күн сәулесінен қуат алады. Осы арқылы 1 мегабат ток көзін өндіреді. Бүгін сол ауқымды жобаны салтанатты түрде іске қосу шарасы өтті.
Табиғаттың сыйын экологиялық жобаға айналдыра білген мердігер-қытайлық компания. Ал, Қазақстандағы операторы «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Бақытжан Жоламанов: «Бұл жай ғана сыйлық емес, екі ел байланысын одан әрі нығайтудың таптырмас жолы»-дейді.
Бақытжан ЖОЛАМАНОВ, «САМҰРЫҚ-ЭНЕРГО» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Бұл Қытай Халық Республикасының тартуы. Әрине, мұндай сыйлық екі елдің энергетика саласындағы байланысын одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз. Біз бұған қатты қуаныштымыз. Алдағы уақытта қос электр станциясы Алматы мен облыс тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады.
«Жасыл энергетика» бағытында іске қосылған тағы бір жоба-жел электр станциясы. Алматы облысында орналасқан станция қуаттылығы-5 мегабатт ток көзін өндірмек. Қытайлық компания басшысы осы арқылы екі ел арасындағы ынтамтастықты одан әрі нығайта түсеміз дейді.
Ли ЦЗЯНЬХУЭЙ, «CITIC CONSTRUCTION CO LTD» КОМПАНИЯСЫ ШЫҒЫС ЕУРОПА ЖӘНЕ ТМД ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Мен бүгінгі салтанатты шараға қатысқанымен өте қуаныштымын. Бұл болашақтағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудың бір бөлшегі ғана деп есептеймін. Болашақта біріге жасыл энергетика саласында үлкен істер атқарамыз деген ойдамын. Жобаға қанша қаржы құйғанымыз маңызды емес. Бастысы бұл-сыйлық. Ал, ол сыйлықтың құны ешқашан есептелмейді.
Екі экологиялық электр станциясының құжаттары жақын күндері реттеліп, жыл аяғына дейін толықтай ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Заман талабына сай орнатылған күн және жел электр станциясының жарамдылық мерзімі шамамен 25 жыл.
О. Нұржақып