Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

300-ден астам кәріз құдығына қорғаныш қақпақ орнатылады

AstanaTV
07.12.2018ж. 20:00
3760
300-ден астам кәріз құдығына қорғаныш қақпақ орнатылады

Астана әкімдігі ашық-шашық жатқан құдықтармен күреске кірісті. Келесі жылы кәріз құдықтарын құлаптап тастамақшы. Қаладағы 300-ден астам құдықтың қақпағы ауыстырылады. Бұдан бөлек рұқсатсыз жұмыс істейтін металл қабылдағыштарды тоқтатпау қажет. Қазір Астанада осындай 60 пункт бар. Бірақ, оның жартысынан көбінде тиісті құжат жоқ.  

Полицияны көре сала кәсіпкерлер бас сауғалай жөнеледі. Әлбетте, жауапкершілікке тартылғанша, сынық металдары қараусыз қалдырған артық. Дегенмен, сақшылардан сытылып кету екіталай. Сондай алыпсатардың бірі рейд кезінде қолға түсті. Жігіттің не жеке құжаты, не лицензия жоқ болып шықты. Енді ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

Данияр РҮСТЕМ:  

Осы жерге келеді, күнімізді көріп жатырмыз ғой әйтеуір сонымен. Заңға қайшы тірліктермен, заңға қайшы заттарды алмаймыз. Тек жарамай қалған металдарды ғана аламыз ғой, болды, басқа ештеңе алмаймыз.

Алыпсатарлардың көбі өз үйлерінің ауласын металл үйіндісіне айналдырып жіберген. Құдды қоқыс алаңы ма дерсің. «Байқоңыр» ауданында орналасқан металл сынықтарын жинайтын пунктілердің біреуі ғана заңды түрде жұмыс істейтін көрінеді. 

Данияр БЕСБАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: 

Он шақты осындай фактілер анықталды. ҚР Құқық бұзушылық кодексінің Әкімшілік баптары бойынша, 463 бапқа сәйкес олар жауапкершілікке тартылды. Оларға айыппұл салынды.

Жеңіл ақшаға үйренгендер дәл осы жерге келіп, ұрланған металдарды өткізеді. Оның ішінде құдықтардың қақпақтары да бар. Ал, ашық қалған люктерде оқыс оқиғалар болып жатады. Тіпті өткен айда 13 жасар қыз аузы ашық қалған кәріз құдығына құлап, опат болған еді. Осы оқиғадан соң қала әкімі Бақыт Сұлтанов вандалдарға қарсы қақпақтар табуға тапсырма берді. 

Ерлан КАНАЛИМОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ БАЙҚОҢЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Қазіргі жаңа талаптарға сай заманауи технологиялармен жасалған композиттік материалдардан істелген, немесе құлпы бар қақпақшалар болады немесе бұрандалы қақпашалар жасалатын болады.

Әкімдік таратқан ақпарға сенсек, тек өткен айда 1400 құдыққа жаңа қақпақ жабылыпты. Ал, желтоқсан басталғалы қала тұрғындарынан «IKomek» қызметіне 300 люктің ашық жатқаны жөнінде шағым түскен. Айта кетейік, бір шойын қақпақтың құны металл қабылдау пунктілерінде 2-3 мың теңгеге тұрады. 

Д. Қайыртай