$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АҚШ пен Қытай сауда соғысын тоқтатуы мүмкін. Францияның «сары жилет киюі»

AstanaTV
08.12.2018ж. 20:00
2672
АҚШ пен Қытай сауда соғысын тоқтатуы мүмкін. Францияның «сары жилет киюі»

АҚШ пен Қытайдың сауда соғысына келсек, өткен аптаның соңында Аргентинада өткен G20 - жиырмалықтың САММИТ-інен кейін АҚШ пен Қытай халық респбликасының басшылары кездесті. Нәтиже бар: алдағы 90 күннің ішінде екі мемлекет қосымша баж салықтарын салмауға уағдаласқан. Мұны сәл кейін қытай жағы хабарлады. Сонымен бірге қытайлар сипаттағандай - «өзара сыйластық пен теңдікті сақтап және бір-бірінің алаң көңілін есепке ала отырып», консультациялар өткізетіні, бір мәмілеге келуге тырысатындары айтылды.  

Сонымен Дональд Трамп қаңтардың бірінен Қытайдан тасылатын 250 млрд долларды құрайтын тауарларға бажды 10 проценттен 25 процентке арттырмауға келіскен. Қытай болса АҚШ-та өндірілген ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларын айтарлықтай көлемде сатып алуға уәде берген. Нақты көлемі айтылмайды. Трамп пен Си Цзиньпиннің салқын ақылға салуын бәрі күткен, тіпті дамыған Германия. Аргентинада канцлер Ангела Меркель «қытай-америка қатынастары әлемдегі жағдайды теңселтпейтіндей деңгейде болмай отыр, мұның біздің бәрімізге жанама әсері бар», деген.

Жазда Трамп қытай тауарларына тарифті күрт көтерген. 250 млрд долларды құрайтын экспортқа. Қытай да сөйткен. Бірақ айтарлықтай аз - 110 млрд доллардың тауарларына. АҚШ президенті жаңа жылдан салықты 10 проценттен 25 процентке көтеретінін ескерткен. Енді мораторий жарияланып, бүкіл әлем деуге болады, үміттеніп қалды. Екі мемлекет 3 айда бір мәмілеге келеді деп. Дональд Трамп пен Си Цзиньпин келіссөздерді тамақтанып отырып жүргізген, деп жазды Би Би Си порталы. Дастарқанда қақталған еттің «сирлойн» деген түрі, карамельмен құймақ дәне аргентиндік шарап болған. Сирлойн стейкі – мәрмәр еті бар абердин-ангус тұқымды бұқаның етінен дайындалады екен.    

Ал Франциядағы сары жилет киіп наразылық шерулерін ұйымдастырғандар да шарап ішіп отырған шығар. Француз шарабын, әрине. Олар биліктің жаңа жылдан бастап дизельді отынға салатын салықты 6,5 процентке, бензингесалықты 2,9 процентке өсіру жоспарына қарсы шыққан. Себебі салық өссе, жанар май бағасы көтерілетіні белгілі. Наразылықтың қазаны әлеуметтік желілер болды. Автомобильшілер үкімет жоспарына қарсы шығуға үндейтін топтар құрды. Сары жилет киіп шыққасын, қозғалысқа сондай ат қойылған. Негізі, Францияда мәшинесі сынып, немесе басқа да себептермен жол жиегіне тоқтаса, жүргізуші сары жилет киетін тәртіп бар.  

РБК порталының жазуына қарағанда, Франция азаматтарының басым көбі шерушілерді қолдаған. Олардың батыл қимылдарына, шерулеріне шыдамаған өкімет, жоспарларына мораторий жариялады. Жарты жылға. Францияның премьер-министрі Эдуар Филипп «бұл нарзылықты естімеу үшін саңырау немесе соқыр болу керек шығар», деген.  

 Дегенмен демонстранттар әлгінде айтқандай шарап ішкен шығар, бірақ тарап кетейін деп тұрған жоқ. Себебі кейбір манифестанттар жалпы салық жүйесін реттеуді, орта тапқа салатын салықты азайтуды, Макронның отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Наразыларға солшыл және оңшыл көзқарастағы радикалдық күштер қосыла бастаған.