Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Құс өнімдерін шығаратын кейбір кәсіпорындарға тікелей субсидия берілмей жатыр

AstanaTV
08.12.2018ж. 20:00
3695
Құс өнімдерін шығаратын кейбір кәсіпорындарға тікелей субсидия берілмей жатыр

Құс өнімдерін шығаратындарға берілетін тікелей субсидия тоқтап тұрған жерлер бар. Кәсіпкерлер өндіріс көлемі азаяды, жұмысшылар қысқарады, нарықта импорт артады, баға өседі, деп дабыл қағып жатыр. Жұмыртқа мен тауық еті негізгі, базалық тамақ түріне кіреді, демек анықтау керек. Ришат Асқарбекұлының материалы. 

Кеңес өкіметі кезінде Қазақстан құс еті мен жұмыртқа өндіру жөнінен аймақ елдері ішінде көшбасында болды. Республикамыз 60 млн. құс асырап, жылына 4 млрд. жұмыртқа шығарып отырған. Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі 70 құс фабрикасының 80 пайызы нарықтық экономикаға бейімделе алмай, жабылды. Нарықты Ресейден, Украинадан келетін құс етімен бірге АҚШ-тан жеткізілетін әйгілі «Ножки Буша» атанған тауық еті толтырды. 

Құс шаруашылығы екі мыңыншы жылдары оңала бастады. Тіпті кеңес заманындағы межеге жақындап қалған. Елде 35 млн. құс өсіріледі. Ал жұмыртқа өндірісі 5 млрд. данадан асқан. Оның 100 млн-н сырт елдерге экспорттап отырмыз. Қазақстандық жұмыртқа Тәжікстан, Ауғанстан және Қырғызстан нарығына шығарылады.     

Десе де еліміздің бес аймағының құс шаруашылықтары экономикалық қиындықтарға тап болғанын айтып, дабыл қағып отыр. Соның ішінде құс өнімдері бойынша алда келе жатқан Алматы облысы да бар. Аймақ кәсіпорындары құс етінен республикадағы сұраныстың 45 пайызын, жұмыртқа бойынша 35 пайызын жабады. Бірақ облыстағы құс фабрикалары сәуір айынан бері мемлекеттің қаржылық қолдауынан қағылған. Үкімет осы күнге дейін беріп келген тікелей субсидияны тоқтатып тастапты. Соның кесірінен шығын артып, өндіріс қысқарып жатыр, дейді кәсіпкерлер.    

Мұрат УӘЛИЕВ, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің құсқа беретін жем құрамы толығымен шетелдің валютасына тікелей байлаулы. Вакцина, өзге де ингредиенттер шетелден евроға байланып алынып келеді. Соған байланысты шығару қуаттылығымызды азайтып жатырмыз. Болашақта осылай жалғаса берсе, қуаттлығымызды азайтып, жұмыс орнын қысқартуға тура келеді. 

Светлана ИВАНОВА, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір облыстағы негізгі құс фабрикалары жабылуға шақ қалды. Біз ешкімді бопсалап отырған жоқпыз, осы күнге дейін төленіп келген қаражатты неге бермейді? Бізге түсініксіз. Қазір фабрикамыз құсқа беретін азық үшін 400 млн. теңге қарызға батты. Одан тыс минералдар, қаптамалар, салық және коммуналдық төлемдер де қымбаттап барады.  

Қарасай ауданындағы мына құс фабрикасы да субсидияның арқасында тіршілік қылып отыр. Мұнда әр жұмыртқаға кететін шығынның 3 теңгесін мемлекет көтеріп келіпті. Үш теңге айтуға тұрарлық ақша болмаса да, өндірілетін бүкіл жұмыртқаның көлеміне шаққанда, кәсіпорын миллиардтаған теңгеден қағылып отыр. Егер жыл соңына дейін субсидия болмаса, жұмыс орындары 20 пайызға дейін қысқармақ. Сөрелерде құс еті 15 пайыз, ал жұмыртқа 5 пайызға қымбаттауы мүмкін.  

Үміт АЙТЫМБЕТОВА, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Айлығымызды уақытында аламыз, жұмысымыз жабылмаса екен деп тілеймін. Сонша адамдар отбасын бағып отыр ғой. Бала шағамыздың несібесі, жаңа жыл да келе жатыр. 

Облыс атқамінерлері мал шаруашлығын асылдандыруға биыл 18 млрд. теңге бөлінгенін айтады. Соның ішінде құс асыраушыларға жыл басынан бері 5 млрд. теңге қаржы берілген. Мемлекеттік субсидияны 8 кәсіпорын алыпты. Бірақ ірі құс фабрикаларының иелері қосымша қаржы сұраған соң, ауыл шаруашылығы басқармасы үкіметке тағы 7,2 млрд. теңге беру туралы хат жолдаған.    

Саят САҚМОЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сол 7,2 млрд. теңгенің 5,2 млрд. теңгесін сол құс шаруашылығының қаражаттары. Бүгінге дейін министрліктен жауап ала алмадық. Оң шешімін таппады ма?- Сол себептен біз қазір 5 млрд. теңге қарыз болып қалдық. Өтінімнің артуына байланысты, қаражат жоқтығына орай бере алмай отырмыз.  

Ескендір Мухлисов, ҚР АШМ ДЕПАРТАМЕНТ САРАПШЫСЫ:

Республикалық бюджеттік комиссия бұл тапсырысты мақұлдамай тастады. Десе де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қаржы министрлігі арасында келіссөздер жүрді. Алматы облысы сұрап отырған қаражат 2019 жылы бюджетті нақтылау барысында қаралатын болды. 

Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, қаржы бөлінбейді. Ал мамандар құс шаруашылығының дотацияға бағынышты болуы әлемнің көптеген елдерінде қалыпты жағдай, дейді.    

Шоқан ӘЛПЕЙІСОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

Құс шаруашылық саласында субсидия болмаса, алға өнбейді. Айтып отырмын ғой, бұл күрделі сала. Мысалы, субсидияны бір аймаққа берсе, бірінші оны шағын қожалық шаруашылықтарға таратады. Ал құс шаруашлығына созылып, созылып, жылдың аяғына дейін уақыт өтіп кетеді. Олардың өндірісі бір орында тұрмайды. бағаны төмендетіп ұстап отыру үшін субсидия керек. Тек қана сол арқылы бағаны ұстауға болады. 

Сәрсенбі күні Парламенттің жалпы отырысында депутат Тұрғын Сыздықов дотацияда отырған құс шаруашылығына қатысты мәселе көтерді. Ол Үкімет басшысының атына сауал жолдап, еліміздің бес аймағында мемлекеттік қаржылай қолдаудың кешігіп жатқанын жеткізді. Жыл аяқталып қалғанда Алматы облысынан тыс Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақмола облысының шаруалары да Астана жаққа қарап, елеңдеп отырған көрінеді.    

Тұрғын СЫЗДЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Атырауда бірнеше құс фабрикасы несие және оның өсімпұлын өтей алмай отыр. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік палатасы қаржыны қайтар деп қысым көрсетіп жатыр екен. Құсқа шетелден жеткізілетін қосымша азық үшін қарыз 250 млн. теңгеден асқан. Сол сияқты ең ірі «Өскемен» құс фабрикасы да 2018 жылы небәрі 2,2 пайыз субсидия алған. Мемлекеттен берілуі тиіс 1,8 млрд. теңгені күтіп сарғайып отыр.   

Ал Семейде жұмыртқа тапшылығы туған. Қала мен оның айналасындағы аудандарға құс тұқымы Ресейден немесе көрші облыстардан жеткізіледі. «Семей құс» фабрикасы 2012 жылдан бері тек ет өндірумен айналысуға бағыт алған. Содан бері аймақ халқы мерзімі өткен өнімдерді тұтынуға мәжбүрміз, дейді. Қалада жұмыртқаның «ондығы» үшін 250-300 теңге аралығында баға қалыптасқан. Бұл туралы «Курсив» басылымы жазады.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:  

Жұмыртқаның фабрикадан шығатын өзіндік құны 20 теңге. Ал оның ішінде 13 теңге тек құстың жеміне жұмсалады екен. Дайын өнім дүкен сөрелеріне жеткенге дейін екі есеге қымбаттайды. Оған қаптама, жол шығыны мен сауда орнының маржасы қосылады. Сонда тұтынушы әр он жұмыртқаны 380-400 теңгеге сатып алуға мәжбүр.

Десе де құс шаруашылығының мамандары тиісті субсидияның көптеген аймақтарға әдеттегідей беріліп жатқанын айтады. Мұны саладағы «әділетсіз бәсекелестікке» ашылған жол дейді, кәсіпкерлер. Ал қалыптасып отырған жағдайды шетелдік өндірушілер пайдаланып кетуі мүмкін. Негізгі азық түріне жататын құс еті мен жұмыртқаға баға артса, тұтынушынының өзге елдің арзан тауарын таңдауы заңдылық емес пе?!    

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»