Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

ЕҚЫҰ 28 байқаушысы алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауын бақылауға ресми түрде кірісті

AstanaTV
17.02.2016ж. 20:00
1662
ЕҚЫҰ 28 байқаушысы алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауын бақылауға ресми түрде кірісті

Парламент пен мәслихат сайлауына 28 миллион бюллетень әзірленбек. Бүгін онда жазылатын мәтін де келісілді. Қазақстанның кезекті электоралды науқанына 19 мемлекеттің 40 байқаушысы қатысуға ниет танытып отыр. Сайлауалды науқан жаңалықтарымен Азамат Алдоңғаров таныстырады.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерінің саны мен оның мәтінін  бекітті. Мәтін кеше өткен жеребе нәтижесіне сәйкес, саяси партия өкілдерімен келісе отырып бекітілді. Ал жыл басында комиссияға келіп түскен деректерге сәйкес, алдағы парламенттік сайлауға 9 миллион 890 мың 75 дана, және бұл санның бір пайыз резервін құрайтын бюллетень басылады. Ал мәслихаттар сайлауына 18 миллион 321 мың 969 дана бюллетень шығарылмақ. Онда да бір пайыздық резерв жасалады. Парламенттік сайлауға 19 мемлекеттің 40 байқаушысы қызығушылық танытқан. Оның алтауы Ресейден, бесеуі Германиядан, ал АҚШ пен Ұлыбританиядан 4 маманнан келеді.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 28 халықарылық байқаушысын акредиттеу туралы қаулы етеді. Ұсынылған тізімге сәйкес, тиісті куәліктер берілсін.

Бүгіннен бастап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократия және адам құқықтары институты бюросы сайлауды бақылауға ресми түрде кірісті. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қабылдауында болған миссия басшысы Борис Фрлец халықаралық байқаушылардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалғанын айтты.

Борис Фрлец, ЕҚЫҰ Демократия және адам құқықтары институты бюросы миссиясының басшысы:

Қазақстанға біздің ұйымның 10 мемлекетінен 11 сарапшы келеді. Олар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер, оның ішінде Қазақстанның, сайлау барысында демократиялық талаптарды ұстану қағидаттарының сақталуын, мемлекеттің өз заңдарының сақталуын қадағалайды.

Ал мәжіліс сайлауына Ассамблея кеңесі атынан кем дегенде 9 үміткер ұсынылуы шарт. Олар сайлау жарнасы мен сайлауалды қор құрудан босатылады. Ассамблея кандидаттары үгіт жұмыстарына мемлекеттен де ақша алмайды. Олардың үгіттері ең көбі 3 өкілінің Ассамблея мүшелерімен кездесулер өткізуімен шектеледі.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Кандидаттарды ұсыну ақпанның жиырмасы мен жиырма тоғызы аралығында жүреді. Парламент мәжілісіне Ассамблеядан сайланатын үміткерлерге қойылатын талап партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерден ерекшеленбейді.

Бұл Ассамблея тарихында үшінші парламенттік сайлау болғалы тұр. Дауыс беру пункті 21 наурызда өтетін Ассамблея сессиясының ғимаратында орналасып, дауыс беру іс-шараның басталуынан бір сағат бұрын өткізіледі. Сайлауда сессияға қатысушылардың 50 пайызы дауыс берсе, жеткілікті. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ