Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Басты талап-өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау мен қорғау

AstanaTV
10.12.2018ж. 20:00
2546
Басты талап-өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау мен қорғау

Өндірістегі еңбекті барынша қауіпсіз ету. Бұл-«Нұр Отан» партиясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясының алға қойған негізгі міндеті. Осыған орай бүгін Павлодар облысында «Лайықты еңбек-мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты жұмысшылар форумы өтті. Жиынға аймаққа арнайы ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.  

Осы жылдың сәуір айында «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат аясында тараптар қарапайым жұмысшының еңбек құқығын қорғау мен елдің әлеуметтік жаңғыруын одан әрі нығайту жолында күш біріктіруге уағдаласты. Басты талап-еңбек қауіпсіздігін сақтау мен оны қорғау. Ол «Лайықты еңбек-мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты бүгінгі форумның басты тақырыбы болды. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бүгінгі форум Елбасымыздың Қазақстан үшінші жаңғыру бастамасын жүзеге асыруда үлкен маңызға ие. Себебі, кез келген істің адам күшімен, адам еңбегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан, еңбектің қорғалуы, еңбектің қауіпсіздігі қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз етеді.

11 айда кәсіпорындарда 1 231 адам өндірістік жарақат алған. Оның 167-і қайғылы аяқталған. Кәсіподақтар федерациясы өкілі көрсеткіштің азаймай тұрғанына алаңдаулы. Осыған орай елде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданған.   

Қуат ЖАМАЛБАЕВ, АҚСУ ФЕРРОҚОРЫТПА ЗАУЫТЫНЫҢ ОПЕРАТОРЫ: 

Жұмыс беруші жағынан көптеген жағдайлар жасалып жатыр. Сырт киімге байланысты, денсаулықты қорғауға байланысты, осы жұмысқа қатысты, жұмысты қауіпсіз атқаруға өте әсерін тигізіп жатыр.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен елде 20-дан астам жоба қолға алынды. Бұдан бөлек партия «Цифрлы Қазақстан», «Рухани Жаңғыру» бағдарламалары аясында да ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Соның бірі- кітапханалар. Оның қызметін заман талабына сәйкестендіру, кітап қорын электронды нұсқаға көшіру, ең бастысы-аталған нысанды халыққа тартымды етіп, қайта жасақтау.  

Тәуелсіздікті насихаттау, мемлекеттілікті насихаттау, жастарды патриотизмге үйрету, жастарды отаншыл қылып тәрбиелеу. Идеология дегеніміз осы қазіргі заманда. Өз тарихын білу, өзіміздің шыққан тегімізді білу. Шыққан тегімізді сол 15 ғасырдан бастамай, кем дегенде 2000 жылдық тарихты қамтамасыз ету керекпіз.  

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев партияның облыстық активімен кездесті. Елбасының жаңа жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын талқылады.   

Ә. Мұхитқызы