Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шығыс қазақстандық шаруалар экспортты 174 миллион долларға арттырмақ

AstanaTV
10.12.2018ж. 20:00
2563
Шығыс қазақстандық шаруалар экспортты 174 миллион долларға арттырмақ

Шығыс Қазақстан облысының шаруалары жақын арада өз өнімін Қытай нарығына шығарады. Бұл үшін облыста Қытай стандарттарына негізделген алғашқы халықаралық зертхана іске қосылмақ. Зертхананы жабдықтауға Қытай 1 миллиард теңге бөліпті. Сонымен қатар, өңірде сүт фермалары мен ет пен күнбағыс дәнін өңдейтін зауыттар бой көтереді. Аймақтағы ауқымды бастамалар туралы тілші материалында.  

Жас кәсіпкер Илья Медведев бір жылдан бері ханбалық шабақтарын өсіріп жатыр. Қазір қожалығындағы балық көлемін 70 тоннаға жеткізген. Енді одан түрлі деликатестер дайындауды жоспарлап отыр. Дайын өнімдерін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған көрмеге әкелген.   

Илья МЕДВЕДЕВ, «GRAND FISH» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Біздің мақсатымыз-шетелден қымбатқа әкелінетін ақсеркені отандық өніммен алмастыру. Өйткені, біздің экспорттық әлеуетіміз жоғары. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ханбалықты да шекара асыруымызға болады.

Өңірдегі марал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Нұрлан Тоқтаров Қытайда өткізілген халықаралық жәрмеңкеден жақында келген. Айтуынша, отандық бал мен марал пантасына сұраныс жоғары. «Осыны пайдаланып көрші елдің нарығына шикізат емес, дайын өнім ұсыну керек»-дейді кәсіпкер. 

Нұрлан ТОҚТАРОВ, ШҚО МАРАЛӨСІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Қытайдағы жәрмеңкеден байқағаным, біз 250-300 доллардан сатқан өнімнің әр келісін олар 2 мың доллардан сатады. Яғни, өзіміз толығымен өңдеп, сол жаққа шығаруға болады. Сонда табысымыз бірден екі есеге көбейер еді.

Жергілікті биліктің пайымынша, көрші елдің нарығын бағындыру үшін Қытайдың стандарттарға негізделген сертификаттау зертханасының маңызы зор. «Аталған зертхана Өскеменде салынған. Қазір қондырғылары тексеріліп жатыр»-деді аймақ басшысы. Келешекте бұл жерде отандық өнімдер халықаралық сапа стандартын алады.  

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Бізге Қытаймен жұмыс істеген тиімді. Өйткені, мүмкіндігі мол, ауқымды нарық, түпсіз-шексіз мұхит сияқты. Қазір біз Қытай стандарттарына сай зертхананың құрылысын аяқтадық. Бұл осы жұмыстарға серпін берері анық. Қытайлық инвесторлар да бізге икемделіп жатыр. Мысалы, Бесқарағай ауданындағы агрожобаға қытайлық инвестор 4 миллион долларын салды. Ал, Зайсан қаласында трактор мен өзге де ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын шағын зауыт аштық.

Бұдан басқа өңірде жылына 40 мың тоннадан астам ет экспорттайтын екі бірдей ірі ет комбинаты салынып жатыр. Семей мен Өскеменде майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар ашылса, Шығыс Қазақстан облысы өзін ғана емес, көршілерін де дайын өніммен қамтымақ. Осылайша, жаңа кәсіпорындар алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 174 миллион АҚШ долларына жеткізбек. 

Е. Карин