Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкенттегі автобус тапшылығын жою үшін келер жылы 300 автобус сатып алынады

AstanaTV
11.12.2018ж. 20:00
2624
Шымкенттегі автобус тапшылығын жою үшін келер жылы 300 автобус сатып алынады

Шымкентте автобус тапшылығын жою үшін сатып алынатын 1 мың автобустың 300-і келер жылы мегаполис көшелеріне шығуы тиіс. Жергілікті билік өкілдері осылай деп отыр. Алайда, автобусты сағаттап күтетін халық мәселенің жақын арада шешілеріне сенбейді. Жауыр болған қоғамдық көлік проблемасы қашан реттеледі? Айзада Төребекқызы анықтап көрді.  

Шымкенттіктер Карл-маркс атап кеткен аялдама маңындағы күндегі көрініс осы. Кешкі мезгілде көлік кептеліп, халық ығы-жығы болады. Өйткені, қаланың солтүстік бағытындағы тұратын жұрт осы жерден автобусқа отырады.  

Кәмшат БАЛТАБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

17 Б Достыққа баратын 1 сағат күтеміз оны. Кейде сабаққа кешігіп қаламыз. Алты жарымнан кейін тоқтап қалады олар. Жиілетсе, бесе -алтау болса да дұрыс болатын еді. Сол екеу-үшеу. Кейде олар да бұзылып қалады.

Айткүл СҮЛЕЙМЕНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Сирек жүреді. Жоғалып кетеді. Әр аялдамадан түсетін адам жоқ болса, тоқтамай кетіп қалады.

Айта кетейік, халық саны миллионнан асқан Шымкентте жолаушыларға 27 көлік компаниясы қызмет көрсетеді. Күнделікті ұзын саны 1200 дей автобус қатынайды. Соның өзінде кешкісін үйіне асыққан жұрт симай қалып жатады. Шымкентте жолаушы тасымалы реттеледі деген уәдені шенеуніктер үйіп төккелі жылдан асты. Биылға бар жаңалық 41 автобустың қосылғаны ғана.  

Наурыз СҮГІРӘЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Автобус тасымалдарын дамыту жол картасына сәйкес, бағдарламаға сәйкес біз жалпы мың автобусты қала әкімдігі алуды жоспарлап отырмыз. Оның 300-і осы 2019 жылдың бірінші жартысында келеді деп жоспарланып отыр. Оған бірыңғай оператор белгіленеді. Тиісті қаржылар қаралып, сол автобустарды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көлік компанияларына да автобустарды жаңалау міндеттелген.   

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Ал, жергілікті мамандар автобустарда жолаушы тығынын азайту үшін жеті бірдей қоғамдық көлік бағытын ашпақ. Қазір оның қозғалыс сызбалары әзір тұр. Оған конкурс та жариялап үлгеріпті.

А. Төребекқызы