Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Павлодар облысында теміржол дөңгелектерін шығарудың толық кезеңі құрылды

AstanaTV
12.12.2018ж. 20:00
2183
Павлодар облысында теміржол дөңгелектерін шығарудың толық кезеңі құрылды

Павлодар облысында теміржол дөңгелектерін өндірудің толық кезеңді циклы іске қосылды. «Байтерек» холдингінің еншілес ұйымы-«Қазақстанның даму банкінің» қолдауымен Екібастұз қаласында роботталған өндірістік кешен ашылды. Жоба-Индустрализациялау бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. «Проммашкомплект» серіктестігінің бірегей жобасының жалпы құны 50 млрд теңгеден асады. Банк бұл қаржының 70 пайызын қаржыландырған.  

Ыстық айналым желісі-жалпы өндірістік жүйенің «жүрегі» іспетті. Бұл жерде болат бөренелері бөлшектеліп, кесіледі. Металл кесектері 1 200 градустық температурада қыздырылады. Алдымен «ыстық», кейін «суық» өңдеуден өтеді. Бұған дейін өндіріске қажет дайындамалар шетелден импортталатын. Енді зауыт шикізат ретінде пайдаланылатын болат бөренелерді Қазақстандық металлургия кәсіпорындарынан алатын болады.

Әділ ИСМАҒАМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАН ДАМУ БАНКІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:  

Жылдық қуаты 200 мың вагон дөңгелегін шығару өндірісін Қазақстан Даму банкі 2015 жылдан қаржыландырады. Аталған жоба мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіреді. Жобаның Қазақстанда баламасы жоқ. Сонысымен де ерекше. Ал, бүгін өндірістік цикл толықтай іске қосылып жатыр. Қазір кәсіпорында болатты қайта балқытудың барлық сатысы бар.

Жаңа өндіріс ошағының экспорттық потенциалы да ауқымды. Екібастұздық кәсіпорында шығарылған жалпы өнімнің 70 пайызы шетелге сатылады деп күтілуде. Осылайша, серіктестік экспорттау желісін оң жолға қоюды мақсат тұтқан. 

Сергей АХОНЬКО, «ПРОММАШКОМПЛЕКТ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Өнімнің 47 пайызы-Ресейге, 15 пайызы-ТМД елдерінің нарығына сатылады. Үндістан мен Қытайға тағы 5 пайыздан экспорттауды жоспарлап отырмыз.

Тың жобаның іске қосылуы дер кезінде жүзеге асырылды. Қазірде ТМД елдерінде теміржол дөңгелектері тапшы. Анықталғандай, нарыққа бұл өнімнің жарты млн-ға жуық данасы қажет. Қазақстанның даму банкі осындай ірі жобаларды қаржыландыруды әлі де жалғастырмақ. Атап өтері, биыл банк елдің шикізаттық емес экномикасына 450 млрд теңге инвестиция құйған. 

Ә. Мұхитқызы