$538.54 €628.31 ₽6.7
×

Ленин кентінің арбамен су тасыған тұрғындары

AstanaTV
22.10.2016ж. 20:00
Ленин кентінің арбамен су тасыған тұрғындары

Павлодар облысындағы Ленин кентінің тұрғындары ауыз судан тарығып отырған жұрттың бірі. Меншікті тілші Әсемгүл Мұхитова 2 жыл қатарынан репортаж түсірген. Сол жартас...

Бижан Қыстаубаев, Ленин кентінің тұрғыны:

Бұрын водолазбен су әкелетін. Әр үйге. Құйып аламыз. Сары су, соны тұнытамыз. Тұнығанын ішеміз. Астын төгіп тастаймыз.

Ленин кентінің байырғы тұрғыны Бижан аға ауыз су мәселесіне келгенде жаны ауырып, мазасы кетеді. 40 жыл осы ауылда тұрып, әр адамның тыныс-тіршілігін «беске» білетін ол сапасыз судың кесірінен қаншама таныс-жақындарының сырқаттанғанын айтады. Бірақ, айта-айта жауыр болған проблема шешілмей-ақ қойды. Жылдан жылға ауысып, қазір тіпті «қалыпты әңгімеге» айналып бара жатқандай...

Бижан Қыстаубаев, Ленин кентінің тұрғыны:

Баяғыда 90 жылдары әкеле жатқан жерден Ақсудан... заман бұзылды. Құрыды. Тағы бір жыл болса, әкелуші еді суды, әр үйде су болушы еді. Қалды солай!

2005 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында елді-мекенге кешендік модулдік блоктар қойылды. Санитарлық-нормаға сай келмейтін тіршілік нәрі арнайы қондырғыда тазартылып, саудаланады.

Мақсат Матаев, Ленин кентінің тұрғыны:

Үй салып жатқандықтан, маған су өте көп керек. 150 литрден мен 6 рейс жасаймын. Сонда күніне бір текше метр су артығымен пайдаланады екенмін. Күнделікті байқалмағанмен, айында есептейтін болсақ, көп ақша кетеді екен. Амал жоқ, сатып аламыз.

Таза суға жарымай отырған Ленин ауылы жайлы өз басым былтыр да, оның алдыңғы жылы да материал дайындап эфирге берген болатынмын. Айлайда, байқағанымыздай мәселе өзгеріссіз, баяғы жартас сол жартас қалпында қалған. Тұрғындардың айтуынша, әрбір келген әкім сумен қамту ісіне келгенде тек уәдемен шектеліп қана қалады. 

Вот это все в желудке, вот такая вода.+Осыдан алып, осыдан ішіп жатыр

Жұманазаровтар әулеті лай суды пайдалануға мәжбүр. Ауылдың екінші шетінде орналасқан су тазартқыш кешеннен тіршілік нәрін тасып алуға отбасының  жағдайы жоқ. "Жазда балалар ыдыспен әкелетін. Күн суыта қиындап кетті",-дейді отанасы.

Сәуле Жұманазарова,  Ленин кентінің тұрғыны:

Су алғанда бір күн тұнып тұрады. Сосын біз оны ішеміз. Ал, шикі су ішсек, қайнатпасақ тұз... То іші ауырады балалардың.

Осыдан екі жыл бұрынғы көрініс бұл. Алайда, ауылдағы жағдай еш өзгермепті. Баяғы суға ағылған қауым. Тазартқыш кешені алдындағы кезек....

Алпысты алқымдап қалған Сайлаубай ағаның әр таңы осылай басталады. Төрт рейс жүріп, алдымен суды үйге, сосын, малына тасып әлек.

Сайлаубай Ысқақов,  Ленин кентінің тұрғыны:

Бұны малға береміз қазір. Күнде таситынымыз осы. 20 теңге бір фляга. Күніне 4 фляга су әкелеміз. Су жоқ. 30 метрдей қазғанбыз шықпады. 56 метрден қазып, әзер шығарды дейді. 

Бұл жағдай Ленин кентіндегі әр шаңырақтың басында бар. Ресми мәлімет бойынша, елді-мекенде 10 мың 332 адам тұрады. Бірақ, бейресми ақпарда халық саны 13 мыңға жақындап қалған. 

Қысты күні өте қиын. Дірілдеп бүкіл халық тұрады. Дірдектеп. Осы жерде. Айғай да болады. Кәдімгі кезек.

7 бала тәрбиелеп өсірген, батыр ана Тұрсын Ысқақова «судың жоқтығы» әйел адам үшін қиын,-дейді. Кір жуу, ас дайындау, үй тазалау бер жағы ғана. Жалпы оңтайлы тіршілік етуде оның орны бөлек.

Тұрсын Ысқақова, Ленин кентінің тұрғыны:

Балалар бәрі осы жерде оқығандықтан, осы жерге көшіп келдік. Келіп едік өзіміздің ауылдан да жаман, су жоқ. Ыдыс-аяқты міне осылай су құйып, суды ысытып, жуамыз. Дәл қаланың шетіне келгенде осындай болады деп ойлаған жоқпыз. 

Бұл ауылдың судан тарыққан мүсәпір күйін жергілікті билік жақсы біледі. Тиісті қаржының жоқтығынан мәселе «созылып» кеткені рас,- дейді. Шенеуніктердің сөзінше, лениндіктердің түйткілін енді «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы арқылы  шешпек. 

Мақпал Лепесова, Павлодар облыстық жер қойнауы, қоршаған орта және су ресурстарын пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

Жалпы Ленин кенті бойынша жобалық –сметалық құжаттамалар жасалған. Орталықтандыру үшін. Ол бойынша биылғы жылы, құдай қаласа, жұмыстар басталады деп ойлаймыз. Өйткені, республикадан қаражат бөлінейін деп жатыр. Келесі жылы аяқталады деп есептейміз.

Павлодар облысы елді-мекендерінің 19,8 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. 394  ауылдың 228-і орталық су жүйесіне қосылмай, тіршілік нәрінен тарығып отыр. Ал, 10 ауылға су тек арнайы көлік арқылы жеткізіледі.  

40 литр фляганы арбаға салып, осылай су тасу бала кезден қалған естелік. Алайда, Ленин кентінің тұрғындары үшін бұл қалыпты, күнделікті жағдай. Қаланың іргесінде тұрған кенттің тұрғындарының бар арманы – тіршілік көзін үйді-үйге жеткізіп берсе дегенге саяды. Шыны керек, былай су тасу өте ауыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, «Біздің Уақыт».