Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Солтүстік Қазақстандағы тұрақтандыру қорының тауарларына аудан кәсіпкерлерінің тарапынан сұраныс төмен

AstanaTV
13.12.2018ж. 20:00
2107
Солтүстік Қазақстандағы тұрақтандыру қорының тауарларына аудан кәсіпкерлерінің тарапынан сұраныс төмен

Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрақтандыру қорының тауарларына аудан кәсіпкерлерінен сұраныс төмен. Аса қажетті өнімдердің нарықтық құнын қадағалайтын мекеме биыл көкөністің 800 тоннасымен қамданған. Оның 500 тоннасы картоп болса, қалғаны сәбіз, қырыққабат пен пияз. Қор әдетте өнім құнын нарықтық бағадан 30 пайызға арзанырақ сатады. Сондықтан, облыс орталығында олардың тауарларына сұраныс жоғары. «Алайда, шалғайда орналасқан аудандар тұрақтандыру қорының өніміне қызығушылық танытпайды»-дейді мекеме өкілі. 

Ғамали ЖҰМАШЕВ, «СОЛТҮСТІК» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мамлют, Қызылжар, Жұмабаев аудандары тұрақтандыру қорының тауарларын сатып келеді. Ал, алыс аудандардың кәсіпкерлері жолға шығатын шығын көп дегенді сылтау етеді. Біз өнімді барлығына бірдей ұсынамыз. Ақшасын бірден төле деп те талап етпейміз. Тауардың құнын бір айдан кейін қайтаруға да болады.

Ғалами Жұмашевтың айтуынша, көкөніске сұраныс төмен. Өйткені, қор тауарына кәсіпкерлер бағаны 10 пайыз ғана қоса алады. Сондықтан, олар тауарды көтерме сауда орындарынан сатып алуды жөн көреді. Мәселен, Петропавлда сұйық майдың бір литрі 232 теңгеден сатылса, кей аудандарда оның құны 20-30 теңгеге қымбат. Облыс басшысы бұл жауапты мамандардың жіберген ағаттығы деп санайды.  

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Жұмабаев ауданында күріштің бағасы 230 теңге, ал Аққайыңда 280 теңгеден асқан. Бақандай 50 теңгеге айырмашылық бар. Жауапты тұлғалар бәрін сырттан бақылап, қам-қарекетсіз отыр. Егер, аудан кәсіпкерлері тұрақтандыру қорының өнімінен бас тартса, онда сол аудан басшысына сөгіс жариялау керек.

А. Құрманкин