Қарағанды облысындағы мал шаруашылықтары толығымен баламалы қуат көзіне көшірілмек. Қазіргі таңда шалғай қыстақтардағы шаруалар жаппай күн батареяларын орната бастаған. Сөйтіп шаруалар су мен жарыққа қарық болды. Ал, баламалы қуат орнатуға мемлекет қаражат бөліп отыр. Бағдарламаның артықшылығын Айжан Қуаш біліп қайтты.
Ерлан Түсіпханов-осыдан 10 жыл бұрын небәрі 23 сиырмен шаруашылық ашыпты. Қазір 500 бас қазақтың ақ бас сиырын өсіріп отыр. Қаладан 160 шақырым қашықтағы жерде, қуаң қыстақта мал суарудың өзі оңайға соқпағанын айтады. Тек биыл күн батареяларын орнатқан. Оның күші 81 метр тереңдіктегі ұңғымадан су тартуға жетеді екен. Жылдар бойы судан тапшылық көрген кәсіпкер қазір бір қора малды 3-ақ сағатта суара алады.
Ерлан ТҮСІПХАНОВ, «ЖЕНЕТ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі күнде міне, солнечный батареямен суарып отырмыз. Өте жұмыскерге де ыңғайлы. Бұрынғыдай мұзды оймаймыз. Лом ұстамаймыз қазір. Кнопканы қостық, болды, су ағып тұр. Бұған шамамен 3 млн 700 мыңдай кетті. 3 млн 50 мыңын қайтарды.
Мал шаруашылығына салынған инвестиция үшін Үкімет қолдау көрсетеді. Яғни, кәсіпкердің кәсіпкердің ұңғыма қазып, генератор мен күн батареялары сатып алуға жұмсаған қаржысының 80 пайызын мемлекет қайтарып береді. Оның үстіне құрылыс жұмыстары мен техникаға кеткен ақшаның 25 пайызына да субсидия қарастырылған.
Сырым БОШПАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ауыл шаруашылғы дамып келеді. Еңбек өнімділігі артты. Шаруаларымыздың өз істеріне деген қызығушылығы артты. Облысымызда 3-4 жыл бұрын ірі қара саны 200 мың болса, қазір 500 мың басқа жетті. Екі еседен де асып түсті. Болашақта ет өнімін арттыру көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, күн батареясының жұмысына 10 жыл кепілдік беріледі. Қондырғы сағатында 5 киловатт қуат береді. Сөйтіп ол мал суаруды былай қойғанда қыстақтардағы малшылардың ауыз су, жарық мәселесін де шешкен. «Женет» қожалағының 10-15 жұмысшысы осы күн тақтасының пайдасын көріп отыр. Облыста 800 кәсіпкер осындай қондырғы орнатып үлгерген. Оларға мемлекеттен барлығы 4 млрд теңгеден астам субсидия бөлініпті.
А. Қуаш