$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Коммуналдық қызметтер. Тарифтер

AstanaTV
22.10.2016ж. 20:00
3887
 Коммуналдық қызметтер. Тарифтер

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кейбір қалалардың әкімдерінің өздері барып коммуналдық қызметтердің төлемдерін жинауын «жақсы емес» деп бағалады. «Сөйтіп бір күні аула тазалаймыз»,- деп кекетті үкімет басшысы

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Мы дошли до того, что некоторые руководители малых городов уже сами своими ногами ходят и собирают. Это нехорошая ситуация. Таким образом, завтра мы двор будем убирать. Мы уровень акиматов опускаем уже не знаю до чего. Поэтому лучше здесь по другому подойти - учет, порядок навести, увеличить собираемость.

Негізі бұл дұрыс – әркім өз шаруасымен айналысуы керек. Бірақ ең дұрысы - әркім өз функциясын мүлтіксіз, адал және толыққанды атқаруы тиіс. Әйтпесе... Шын мәнінде әркім өз шаруасын мүлтіксіз, адал және толыққанды атқармағандықтан «үй аралап, қарыз жиналады»... Аптадағы үкімет отырысында ауыз сумен қамту, ағынды су мәселелері талқыланған. Алдымен тариф туралы. Бақытжан Сағынтаев ағынды суды бұру бойынша аймақтардағы тарифтердің әр түрлілігін айтып, «таңғалды»:

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Суды бұру бойынша қарайтын болсақ, Таразда мысалы, бар-жоғы 8 теңге. Ол ақшамен не істеуге болады? Қандай жөндеу жұмыстарын жүргізуге болады? Мұндай тариф айлыққа ғана жететін шығар. Қуандық Уалиханұлы, ол қызмет сіздің министрлікке қарайды ғой, қарау керек, қашан белгіленген ол 8 теңге. Мысалы, Қарағандыда 96 теңге. Айырмашылықты көріп тұрсыздар ма? Желілердің қандай жағдайда екенін тексеру керек. 8 теңге болғанда және 96 теңге болғанда. Мүмкін 8 теңге де жететін шығар. Мен өзім білмеймін. Шығындарын талдау қажет. 

Ал Тараздағы баға реттеушілер өздеріндегі 8 теңгенің маңындағы тарифтің зорлықпен қойылған баға еместігін айтады. Және баяғыда емес, 2015 жылдың басында бекітілген. Бірақ бағаның өсу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Бауыржан Көрпебаев, Жамбыл облысы табиғи монополияларды және бағаларды реттеу департаменті бөлімінің басшысы: 

Кеше Қарағанды облысымен салыстырады ғой, Қарағанды облысына қарағанда Жамбыл облысында шығын аздау болады. Және басқа облыстарға қарағанда біздің Жамбыл облысында тарифтер төмен. Себебі бұрыннан дотациялық облыс болдық. Енді көтеріліп келе жатыр, ақырын-ақырын тариф те көтерілетін шығар. Жаңадан микроаудандар соғылып жатыр, жаңа нысандар салынып жатыр.

«Тараз су» кәсіпорны әрине, жағдайларының қиын екенін айтады:  

 Рахымжан Нығметжанов, "Тараз Су" МКК директордың орынбасары:

Қолданыстағы тариф желілерді ұстап отыратын шығындарды жаппайды. Өзіндік құнының өзі 21 теңгеден көп. Кәсіпорын шығынға батып отыр. Бұл тариф 2015 жылы қаңтарда 5 жылға бекітілген. Оның өзінде құжат 5 айдан кейін, қойылған қолы жоқ, бізге жіберген. Осы кезеңде де шығын көрдік. Абоненттердің саны артып, бізге қосымша желілер қосылды. Бірақ тариф сол күйі. Тіпті жалақыны кешіктіріп береміз. Тек биыл еңбек инспекциясы бізге сол үшін 3 рет айыппұл салды.160 млн теңгеге жетті, шығын... Тарифті көтеру аса қажеттілік. Басқа аймақтарға қарағанда біздегі тариф 3-4 есеге аз. Ұжымның жауапкершілігі арқасында ілдебайлап отырмыз. Ең болмағанда өзіндік құны төңірегінде көтеру керек. 

Қарағанды қаласында суды бұру тарифі айтылғандай, тұрғындар үшін 96 теңге. Жалпы,суды бұру қызметіне адамдардың шаруашылықта пайдаланған лас суларын жинау, тасымалдау, тазарту жұмыстары жатады. Шахтинск қаласында бұл тариф жоғарырақ - 107 теңге. Ал, ауыз су Қарағандыда 110 теңге 26 тиын. Тарифтің неге ондай екенін табиғи монополияларды реттеу департаменті құбыр жүйелерін жөндеуге кететін шығындардың көптігімен түсіндіреді. -Мәселен, өңірдегі су құбырлары 68, кәріз құбырлары 85, ал жылу құбырлары 50-51 пайызға тозып кеткен,- дейді. 

Нұрлан Нұрмұратов, Қарағанды облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті бөлімінің басшысы:

Қарағанды қаласында суды бұру жүйесінің 5 жылға тарифтердің шекті деңгейі бекітілген.Оның деңгейі 96 теңге, қосымша құн салығын қосқанда.Ол жаңағы кәріз жүйелерін жаңартуға,ауыстыруға бағытталған іс-шаралардың кешені болып табылады.Осыған кететін шығын, сонымен қатар 5 жылға кететін шығындардың қалыптасуының негізінде пайда болған тариф.

 Ал, жылу үшін аймақтың әр қаласында тариф әр түрлі. Облыс орталығында тұратындар 1 гегакалорий үшін 3264 теңге төлейді. Жылудың кімге қанша кеткені үйлердің салынған жылына, қабырғасының қалыңдығына байланысты. Осы сала мамандарының есебінше, 30 шаршы метр пәтері бар тұрғын жылу үшін орта есеппен  айына 3300 теңге, ал 70 шаршы метр баспана қожайындары 7700 теңге төлейді.

Оралда жылу тарифі өзгерді. Енді пәтерінің әр шаршы метрі үшін тұрғындар жылуға 140 тг 52 тиын төлейді. Егер бір бөлмелі пәтердің аумағы орташа есеппен 30,6 метр болса, жылу ақысы айына - 4 299 теңге. Ал ауданы 44,5 метрлік екі бөлмелі пәтері үшін үй иесі ай сайын 6500 теңгеге шығынданады. Бөлме саны үшеуден асса, жылу ақысы 8 мың теңгеден жоғары. Қазір қаладағы  1 164 көп қабатты үйлердің барлығына жылу берілген. Дегенмен тұрғындар өз қарызын уақытылы төлемегендіктен, жылу беруші мекеме қарыздан құтыла алар емес. Қарызы қордаланған кәсіпорын борышкерлермен күрестің жаңа тәсілін қолданып отыр. Олар қарыз адамдардың жалақысынан берешектерін ұстап қалуға сот шешімі арқылы қол жеткізген. Бүгінде жылу  орталығының газ жеткізушілерге берешегі 520 миллион теңгеге жеткен. Ал тұрғындардың жылуға қарызы 390 миллион теңгеден асыпты. Олардың ішінде қарызы бір миллион теңгеге жуықтаған азаматтар да бар.

 Бекболат Қамешов, "Жайықжылуқуқат" АҚ бөлім бастығы:

Қазіргі басты проблемалардың бірі - тұрғындар үйін кеңейту үшін балконын бұзып, пәтеріне жалғайды. Жылу батареяларын балконға орнатады, әлде еденнің астынан жылу құбырын жүргізеді. Бұл біз үшін қосымша шығын. Мұның кесірі көршілеріне тиеді, айналып келгенде өздері жылусыз қалады. Қазір осындай пәтерлерді тексеріп жатырмыз. Көбісі мұны білместікпен жасағанын айтады. Оларға ескерту жасап, он күн мұрсат береміз. Егер бұған құлақ аспаса, 300 мың теңге көлемінде айыппұл саламыз.

Шымкентте жылу бағасын көтеруге байланысты қоғамдық тыңдау өткен. Сонда «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының орынбасары Қайрат Досжанов жеке тұлғалар үшін жылу тарифін 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 27 пайызға (яғни қазіргі шаршы метріне 109 теңгенің орнына 139 теңгеге), 2018-2021 жылдары 8 пайызға көтеру жоспарланып отырғанын хабарлаған.

Қайрат Досжанов, «Қуатжылуорталық-3» МКМ директорының орынбасары:

Қазір алатын болсақ, ТЭЦ-тің өзінің тарифі 17,8 пайызға қымбаттағаннан кейін, біз бұл жерде, былайша айтқанда, ештеңе үстіне қосып жатқан жоқпыз.  

Халықтың жағдайы ескерілмеген. Бір ай төлем төлеуді кешіктірді ме, өсімге қойған. Қия ма, айыппұл төлейсіз. Бір күн жарық сөніп, екі күн су келмей қалса немесе жылу беру кешіктірілсе, тұтынушыға ешкім өтемақы төлемейді. Тоқетері – тариф көтерілмесін,– деген белсенді Ибрахим Әлсерке.

Шымкенттік тағы бір белсенді азамат Сүйін Абулда шешімді қоғам болып қабылдау керек екенін айтқан.

– 200-300 адам халықтың атынан шешім шығара алмайды, – деген ол. Бірақ белсендінің бұл сөзіне ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Аталықов наразы болған. Ол:

– ... Қаланың тұрғындары атынан сөйлеуге құқығыңыз жоқ. Шырағым, өз атыңнан сөйле. Депутат емессің, халық сайлаған жоқ сені. Залдан шық! – деп, Сүйін Абулданы жиыннан шығарып жіберді,- деп хабарлайды, «Азаттық».

Қызылжарда жылу құны бір шаршы метріне 95 теңге тұрады. Бұл тариф есептегіш құралын орнатпаған үйлерге тиесілі. Ал жаңа жылдан бұл тариф тағы 15 пайызға өспек. Судың да құны әжептәуір артпақ. Бірақ «Қызылжар су» серіктестігі әзірге оның қанша пайызға өзгеретінін ашып айтпай отыр. Сумен қамту кәсіпорнының 90 мыңға жуық тұтынушысы бар. Қазір қала тұрғындары тіршілік көзінің бір текше метріне 76 теңге төлесе, заңды тұлғалар  оны 212 теңгеден сатып алады. Судың тарифі соңғы рет 2013 жылы өзгерген.

Елена Петрова, "Қызылжар су" жшс бас экономисі:

2013 жылы жалпы сомасы 1,2 миллилард теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламаны іске қостық. Бұған қоса, "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында қосымша қаражат бөлінді. Біз осының арқасында құбырларды жаңғырту бойынша 8 жобаны жүзеге асырдық. Бұл инвестициялық бағдарламаның уақыты біткелі тұр. Енді тарифті қайтадан көтеретін ойымыз бар. Қазір қаншаға көтеретінімізді есептеп жатырмыз.

Төлемейтіндер көпшілік емес. Қарапайым отбасылардың табыстарының әжептәуір бөлігі коммуналдық шығындарға кететіні мәлім. Қазір әр аймақтың тұрғындары өздері айтып береді - коммуналдық қызмет ақысын тым қымбат деп санайды. Көбісінің жергіліктті мекемелер жұмысына көңілі толмайды. Мысалы, қызылжарлық Филанцета Потапкинаның зейнетақысы 39 мың теңге. Соның үшінші бөлігі коммуналдық қызметке кетеді, дейді ол.

Филанцета Потапкина, Петропавл тұрғыны:

54 шаршы метрге мен ай сайын 10-13 мың төлеп отырамын. Зейнеткерлерге қиын. Енді қазір тариф құны тағы өседі, дейді. Онда зейнетақымыздың тең жартысы кетіп отыратын шығар.

Шынасыл Кененов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Міндетті түрде арзандату керек.Қазір өзі заман қиыншылық,дағдарыс.Облыс әкімшілігі,қала әкімшілігі біраз жұмыс істеуі керек осы бағытта.

Күләнда Темірбаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Коммуналдық қызметке жалақымның 20 пайызы кетеді.Осыған сай болса екен деп ойлаймын жаңағы көрсетіп жатқан қызметтері.Жаз бойы ыстық су болмайды мүлдем. 1 айға жөндеу жұмыстарын өткіземіз дейді да, 3 айға дейін созылып кетеді сол.

Гауһар Әбдірахманова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Біздің коммуналық қызметтерге мүлдем көңілім толмайды. Мысалы, мен ыстық суды ағызайын десем,1-2 сағат салқын су ағып тұрады. Менің счетчигымнан ақша кетіп жатады.Біздің коммуналдық қызметтер осындай кемшіліктерді түзетсе деп ойлаймын.

Дамира Смаилова, Атырау қаласының тұрғыны:

 Жастар жағына онша білінбес. Зейнеткерлерге қиын.

Мәдина Дәуренбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Ақшамыз ішіп- жеуге зорға жетеді. Жылуға төлемек түгілі.

Күләзия Ермекбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Биыл тағы қымбаттайды деп жатыр. Қиын болайын деп тұр. Үйде тоғыз жан. Бір балам ғана жұмыс істейді.