Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

«Happy cake» кондитерлік цехтар желісінің жұмысы заңсыз-С.Байғабылов

AstanaTV
21.12.2018ж. 20:00
4938
«Happy cake» кондитерлік цехтар желісінің жұмысы заңсыз-С.Байғабылов

Астанада танымал «Хэппи кейк» кондитерлік цехтар желісінің жұмысы заңсыз. Олардың бұл кәсіппен айналысуға рұқсат беретін бірде-бір құжаты жоқ екен. Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов осылай деп отыр. Елорданың бас санитар дәрігерінің айтуынша, бұл кәсіпорынды тексеруге еш негіз жоқ екен. Өйткені, кәсіпкерлік туралы Заңға сай жоспарлы тексеруге тек үш жылдан кейін ғана мұрсат беріледі. Ал, аяқ астынан жасалатын рейдтер үшін тұрғындар тарапынан сапасыз өнімге қатысты шағым түсуі керек. Алайда, мұндай арызды ешкім жазбаған.  

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:  

«Happy cake» кондитерлік цехының қандай ғимаратта өз өнімдерін дайындайтынынан бейхабармыз. Торт пісіретін кондитерлер медициналық тексеруден өтті ме, туберкулез, тері ауруларымен ауырмай ма, оның бәрі белгісіз. Тіпті, олардың өнім дайындау үшін сатып алатын азық-түліктерінің де сапасын білмейміз. Заңға сай қолымыз байлаулы.

Астанада үш, Алматыда екі сауда орыны бар компания Дубайда да өз филиалын ашу үшін дайындалып жатыр. Кәсіп иесі Асхат Солтанов «Фейсбук» әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. Онымен тілдесу мүмкін болмады. Он сағат бұрын ғана өз парақшасында Альпі тауларында демалып жатқанын жариялап, сурттер салыпты. Біз телефон арқылы аталмыш фирманың тағам қауіпсіздігі бойынша менеджері Ақмарал Мұсабековадан түсініктеме алдық.   

Ақмарал МҰСАБЕКОВА, «Happy cake» ЖШС ТАҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ:  

Кәсібімізге қатысты барлық құжаттар түгел. Осы айдың мамыр айында ғана Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандары келіп, цехтарда жоспарлы тексеру жасады. Ай сайын санитар дәрігерлер өнімімізге, ғимараттың тазалығына қатысты сынама алып тұрады. Ешқандай проблема туындаған емес.

Г. Тасболатқызы