Ақмола облысына қарасты Аршалы аулындағы қазақ мектебіне Жұмабек Тәшеновтің есімі берілді. Бастама көтерушілерге оңай болған жоқ. Төрт жыл-тиісті құжаттарды жинаумен өтіпті. Ал, Үкімет қаулысы осыдан тура бір ай бұрын қабылданған.
Аршалыға кіре берістен-ақ, Жұмабек Ташеновтің суреттерін көрдік. Ұлт қайраткерінің атындағы көше де бар. Ал, бүгіннен бастап ауылдағы қазақ мектебінің маңдайшасына Тәшенов есімі жазылды. 2010 жылы ашылған оқу орны осы күнге дейін «Нөмірі үшінші орта мектеп» аталатын.
Қанат ЕҢСЕНОВ ТАРИХШЫ, «ЖҰМАБЕК ТӘШЕНОВ» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ:
Қазақстанда Тәшеновтың атымен аталатын бұл төртінші мектеп. Ең бірінші мектеп-Шымкент жақта, Арыс ауданында. Кейінірек Солтүстік Қазақстанда Петропавл қаласында бір мектепке аты берілді, одан кейін былтыр Ақтөбе қаласында жұмыс істегендіктен, сонда бір орта мектепке аты берілді.
Тарихшының сөзіне сенсек, келер жылы осы ауылда Жұмабек Тәшеновке еңселі ескерткіш орнату жоспарланған. Теріскейіндегі бес облысты сақтап қалған қайраткерге әлі күнге дейін ешбір жерде ескерткіш қойылмапты. Екі қалада бюсті ғана бар екен. Ал, алдағы жылдары Аршалыда Тәшенов музейі ашылып қалуы да ықтимал.
Гүлнар БАЙДІЛДИНА Ж.ТӘШЕНОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Тәшенов сыныбын ашып отырмыз. Ол жерде Тәшеновтың отбасы, жұмыс кезіндегі түсірілген фотосуреттері арқылы аштық. Енді ол кісінің қолданған заттарын, ол кісі туралы жазылған ғалымдардың, жазушылардың кітаптарын жинап, болашақта үлкен музей ашамыз деген жоспарымыз бар.
Мәдениет үйінде мемлекет қайраткерінің өмірі мен еңбек жолына арналған ғылыми конференция өтіп жатса, мектепте Жұмабек Тәшеновті еске алуға арналған күрестен турнир ұйымдастырылды.
Фатима ТӘШЕНОВА, Ж.ТӘШЕНОВТІҢ КЕЛІНІ:
Мен атамның әулетін, атамды өзімнің ақ кемем деп санаймын. Сол үйде алған үлгіні, сол үйде алған ақылды мен өмірбақи өзімнің паспортым деп санаймын. Бүгінгі ұрпақ, бүгінгі қазақтың ұлдары папамдай болсын.
Іс-шараға орай Ұлттық музей көшпелі көрме ұйымдастырған. Онда Жұмабек Тәшеновтің жеке заттары, киген киімі мен фотосуреттері қойылды.
Д. Қайыртай